Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда қараусыз қалған баспана қауіпті орынға айналған

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2020
  • 1998

Алматыдағы атышулы Зерделі ықшам ауданы тұрғындары, аулаларындағы "сақалды құрылысты" сүруді талап етеді. Өйткені қараусыз қалған көп қабатты үйден, жақында бір адам құлап, жан тапсырған. Жын ойнақтың ордасына айналған нысан үшін, балаларын сыртқа да жібере алмай отырғандарына шағымданды. Қауіпсіздігі үшін алаңдаған халықпен тілдесіп қайтқан әріптесім Әсем Лесбектің репортажы.  

Тұрғындардың айтуынша бұл баспананың құрылысы 8 жыл бұрын басталғанымен, аяқсыз қалған. Бүгінде, есік-терезесі тоналып, қарусыз қалып, қаңырап тұр.   

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Тұрғындар құрылысы тоқтап тұрған ғимаратта көрінген адамдардың жүретіндігін айтуда. Жұрт мұнда мына қуыс арқылы емін-еркін кіріп шығатын көрінеді. Енді олар тұрғын үйдің айналасын мықтап бекітуді немесе нысанды сүріп тастауды талап етуде.

Дамира ШАНЫШҚҰЛОВА, ЗЕРДЕЛІ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жерде итте, құста, адамдарда жайбарақат жүре береді. Әсіресе жастар. Жоғары қабаттан аяқтарын төмен салбыратып қойып, түрлі қоқыстарын тастап отырады. Тіпті дәрет сындырады. Осыдан екі апта бұрын жеткіншек жігіт сегізінші қабаттан құлап қаза болды.

Қайғылы оқиғаны өз көзімен көргендер, марқұмның өзімен бірге ешқандай құжаттары болмағанын айтты. Олар мұндай келеңсіздіктердің алдын алуды талап етеді.

Жанат ЖАНТАЛИЕВА, ЗЕРДЕЛІ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Нысанның көзін құртсын немесе салып бітірсін. Барлық құзырлыларға осыны айтып, жазып шықтық. Мардымды жауап қайтарған бір адам жоқ. Ең болмағанда жан-жағын қоршау керек қой. Әйтпесе кім біледі бізді тағы не күтіп тұрғанын.

Тұрсынкүл ДҮЙСЕНБЕКОВА, ЗЕРДЕЛІ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қаншама, Үкіметтің дүниесі мынау тұрған. Пәленбай ақша кетіп отыр ғой бұған. Қараусыз қалды ешкім қарап жатқан жоқ. Үңкей бір алқаштар келе ма білмеймін ғой кім екенін әйтеуір кіріп шығып жатады.

Қала әкімдігі жағдайдан хабардар. Олар құрылыс 2016 жылы тапсыруы тиіс болғанын айтты. Бірақ мердігерлер уақытында жұмыстарын атқара алмағандықтан, оларды сотқа берген.

Олжас ТӘЖІБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ЖАЙЛЫ ҚАЛАЛЫҚ ОРТА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Зерделі ықшам ауданындағы құрылыс нысаны бітпей қалған екі үй бар. Оған байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың тоқтау себептерінің бірі мердігер мекеменің уақытында тапсырмаған. Компанияда іш аралық проблемалары болғаннан кейін біз оларды сотқа бергенбіз.

Жергілікті билік мәселені сот арқылы шешпекші. Бірақ бұл жуықарада шешілетініне тұрғындар күмінмен қарайды. Олар ең құрығанда апатты жағдайға түскен құрылыс алаңын қоршап беретін жан табылса дейді.
   
Ә. Лесбек