Русский Сайттың толық нұсқасы

Қырғыз бүлікшілері қазақстандық кәсіпорындарды шабуылдады

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2020
  • 3118

Бүгін қырғыз көтерілісінің төртінші күні. Бішкекте бей берекет басылар емес. Көшеде омон түгіл тәртіп сақшылары көрінбейді. Халық екіге бөлініп алған. Бір топ дүкендер мен мекемелерді тонап жатса, екінші топ ерікті жасақтар құрып мародерлерге төтеп беруге тырысуда. Бірақ олардың күйі жететін емес. Бүлікшілер алтын кеніштерін, одан қалды шетелдік компанияларды басып алып жатыр. Арасында қазақстандық компаниялар да бар. Ал, билік талан-таражға түсті. 16 партия мен түрлі саяси элита мемлекеттік негізгі тетіктерін бөлісе алмай жатыр.

Билік тізгінін жіберіп алғанын Сооронбай Жээнбеков мойындағандай болды. Кезекті үндеуінде ол "тақтан түсу" шарттарын түсіндірді. Жаңа Парламенттік сайлау өткізіп, Үкіметті тарату керек. "Содан кейін барып орнымнан кетемін", деді Сооронбай Жээнбеков.

Сооронбай ЖЭЭНБЕКОВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жаңа парламенттік сайлау мерзімін орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Министрлер кабинеті отставкаға кетіп, мен оны қабылдаймын. Барлығы заңды болуы үшін Жогорку Кенеш қаулысы және Президент бұйрығы керек. Осының бәрі орындалып заңды Үкімет орнағаннан кейін мен Қырғыз Республикасы Президенті лауазымын босатамын.


Мемлекет тұтастығы мен халық тыныштығын лауазымымнан биік қоямын, деген Сооронбай Жээнбеков ақыры бүгін Үкіметті таратты. Алайда, ел Президенттің қайда екенін біле алмай дал болып жүр. Баспасөз қызметі, "Жээнбеков Бішкекте", дегенді айтса, ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Курсан Асанов, "Мемлекет басшысының қайда екенін білмеймін", деді. Қалай болғанымен Сооранбай Жээнбеков бар екенін білдіріп ара-тұра халқына "видео сәлем" жіберіп тұрады. Ал, саяси элиталар мен қылмыс әлемінде аты шыққан "тұлғалар" биліктің негізгі тетіктерін бөлісе алмай жатыр. Ал, талан-таражға түскен мекемелер арасында шетелдік компаниялар да аз емес. Қазақ-Қырғыз бірлескен кәсіпорындарын да бәз біреулер басып алмақ болыпты. Бұған дипломаттар алаңдаулы.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:

Қазақстандық компаниялар соңғы жылдары Қырғыз экономикасына 1 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, көрші елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Қырғыз тарапын Қазақстан азаматтарының да, Қырғызстан аумағындағы қазақстандық компаниялардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша дереу шаралар қабылдауға шақырамыз.

Шетелдік компаниялардың қысым көруі қырғыз елі үшін жақсы емес. Инвесторларды үркітіп алуы мүмкін. Іштегі қаражат сыртқа ауып кетеді, деп қауіптенген Қырғыз ұлттық банкі SWIFT жүйесін өшіріп тастады. Бұл қара халыққа да ауыр тиді. Ел қолма-қол ақшасыз қалды. Қырғыздың бұл жолғы революциясы нағыз анархияға айналды. Ішкі істер органдары да ұлттық қауіпсіздік комитеті де "Сен тиме де мен тиме бадырақ көз" кейіпінде отыр. Көшедегі тәртіпсіздікті ауыздықтауды органдар емес халық өзі қолына ала бастады. Бірақ, ерікті жасақтардың оған күйі келетін емес. Бішкектегі жағдайды Кәрім Мәсімов қырғыз әріптесімен телефон арқылы талқылады.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қырғыз Республикасындағы болып жатқан жағдай талқыланды. Жағдайды тез арада дұрысталады деген сенім білдірілді. Бұған дейін жасалған келісімдерге сәйкес екі ведомствоның арасындағы ынтымақтастықты жалғастыру маңыздылығы аталып өтілді.

Қырғызша тақ таластың қашан басылатыны әзірге беймәлім. Тізгін қай элитаның қолына тиетінін халық түгіл өздері білмейді. Саяси теке-тірес түбі азаматтық соғысқа әкеліп соқпаса көрім, дейді халықаралық сарапшылар. Бұл көршілерді де алаңдатты. Бүгін, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Президенттері бірлескен мәлімдемесін жасады. "Қырғыз саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін қажетті күш-жігерін біріктіріп, туындаған мәселелерді Конституция мен ұлттық заңнаманы сақтай отырып шешеді деп үміттенеміз", деді бауырлас 4 ел басшылары.

Д. Мұхаммедкәрім