Русский Сайттың толық нұсқасы

Әзірбайжан-Армиян қақтығысы басылар емес

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2020
  • 3893

Әзірбайжан, Таулы Қарабақтағы 7 елді мекенді босатқанын хабарлады. Алайда мұны Армения теріске шығарып әлек. Қалай болғанымен ел арасындағы кешегі қарулы қақтығыс, сұрапыл соғысқа айналып отыр. Екі жақ жүздеген сарбазынан, ондаған әскери техникасынан айырылуда.  

Қақтығыс сұрапыл соғысқа айналды. Ал, соғыс ақпарат майданында өсек-аян тартысына айналды. Бір-бірін айыптау көп. Армения сол баяғы, "Әзірбайжанға түріктер қарулы көмек көрсетіп жатыр", деуден шаршамайды. Ал, Әзірбайжан, "Армияндардың мақсаты бұл соғысқа Ресейді және Ұжымдық келісім шарт ұйымын араластыру", дейді. Ресми Кремль айтпақшы, бұл қақтығысты "Соғыс" деп атады. Әрине Ресей Никола Пашинян басқарған Арменияға өкпелі. Алайда, ол аймақтан ажырап қалғысы келмейді. Өйткені, Мәскеудің Қапқазда Ереваннан басқа серіктесі қалмаған. Грузия мен Әзірбайжан Ресейден айнығалы қашан?! Сондықтан, Путин өзі бармаса да Үкімет басшысы Михаил Мишустинді жіберді. Бірақ Таулы Қарабақ жағдайын емес Еуразия Экономикалық Одағы мәселесін пысықтауға барды деді. Ресми ақпарат сондай. Қалай болғанымен Кремль, бұл қақтығыстан тысқары қалғысы келмейтіні анық айтып отыр. Тараптарды Мәскеуге шақырды.

РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Ресей Сыртқы істер министрігі консультациялар өткізу үшін Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері 9 қазанда Мәскеуге шақырылады.

Негізі Ресми Баку бұл соғыста "басын имейтінін" ашық айтты. "Армиян басқыншылары Әзірбайжан жерін босатпай, қайтпаймыз", деді Илхам Әлиев. Ал, Арменияның сәлде болса қаймығып қалғаны байқалады. "Кейбір мәселелер бойынша келісуге дайынбыз. Мәмілеге келейік", дейді Армения Премьер-министрі. Сөйте тұра Никола Пашинян, Әзірбайжанға қарсы соғысуға жалғыз ұлын жіберіпті. Мұны Үкімет басшысының әйелі жазған.

Анна АКОПЯН, НИКОЛА ПАШИНЯННЫҢ ӘЙЕЛІ:

Мен ұлыма айттым. Иә балам. Форманы киіп соғысқа бар. Мен сені жақсы көремін. Бірақ, Отан үшін өлуден артық ештеңе жоқ.

Тараптардың бүгін-ертең тіл табыспасы анық. Ұрыстар күннен-күнге ауырлап барады. Бір-біріне қарсы кассеталы бомба пайдаланып жатыр деген ақпарат тарауда. Бұл қақтығыста әскерилер ғана емес бейбіт халық та қырылуда. Ауыр зымырандар ауыл-ауыл арасына және Степанакерт шаһарының қақ ортасына үздіксіз түсіп жатыр.

Д. Мұхаммедкәрім