Ел ішінде көлігінен айырылып, сан соғып қалғандар қатары көбейді. Ал ұрланған машиналарды табу жылдан-жылға қиындап барады. Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов, төменгі палата отырысында осыны жеткізді. Оның дерегінше, жыл басынан бері 1700-ден аса автокөлік қолды болса, соның 300-ге жуығы ғана табылған. Қарақшыларды дер кезінде қолға түсіру неге мүмкін болмай тұр? Айя Мүтәлі тарқатады.
Санжардың көліксіз жүргеніне бір жылдан асты. Маңдай терімен тапқан мүлкін әккі ұрылар былтыр жазда қолды қылған. Ең қызығы, олар айласын айдалада емес, өз үйінің ауласында іске асырыпты. Түнгі беймезгіл уақытта үптеп кетті, дейді Санжар.
ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Былтыр көлігімді ұрлап кеткен болатын. РОВД-ға арызданған болатынмын. Бір жыл болды табылған жоқ. Айтып жатқан кісілерде бар. Болды үмітіңізді үзіңіз деген сияқты. Табылмайтын сияқты деп.
Үміт үзбей, темір тұлпарын іздеп жүрген жалғыз Санжар емес. Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғановтің айтуынша, соңғы 3 жылда 5 мыңнан аса көлікті қарақшылар айдап әкеткен. Оның 2 мыңға жуығы ғана табылып, иесіне қайтарылған. Мәжілісмен осыған алаңдаулы. Бұған автомобильдерді екінші рет тіркеген кезде салғарттыққа жол беру себеп дейді. Яғни қозғалтқыш пен шанақтағы нөмірлердің сәйкестігін тексере бермейді. Ұрылар осыны пайдаланып, нөмірді өзгертіп, қолды қылған көлікті қайта рәсімдейтін көрінеді. Ерсұлтан Бектұрғанов бұл олқылықтың орнын толтыру керек деді.
Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Шанақтың және қозғалтқыштың нөмерлік белгілерінің түпнұсқалығы бөлігінде және көлікті екінші реттік қайта тіркеу кезінде сәйкестігін тексеруді қайта іске асыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.
Ескі ережені қайта енгізу, көлікті сату немесе сатып алу процесін қиындататыны белгілі. Алайда, темір тұлпар мінгендер ұйқысының тыныштығын қаласа, бұған мойынсынуы тиіс, дейді заңгер. Себебі, мұндай жағдай кез келгеннің басына түсуі мүмкін. Әсіресе, қолдан қолға сатылған көлігіңіз кезінде ұрланған болып шығуы да ғажап емес. Сондықтан заңгер көлік сатып алуда мұқият болуға шақырады.
Руслан ДҮЙСЕНБАЕВ, ЗАҢГЕР:
Қарақшылардың құрығына түстім деп хабарласып жататындар көп. Ұрланған көлікті 1 емес, 2-3 адам сатып алып, мінген жағдайлар болған. Әрине, олар оның ұрланғанын білмейді. Артынан біліп дау шығып жатады. Бір-бірін мүлдем танымайтын адамдар осылайша соттасып, түбінде біреуі түксіз қалады. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін құжат рәсімдеуде бәрін тексеріп алу керек.
Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:
Алайда, депутаттардың айтқаны тек ұсыныс қана. Сайып келгенде оның жүзеге асу-аспауын Үкімет шешеді. Бұған қатысты ішкі істер министрлігіне де сауал жолдаған едік. Ведомства көлік ұрлығының ашылмай қалу себебін бір күнде нақтылау мүмкін емес деп кесіп айтты.
А. Мүтәлі