Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбедегі 24 көпқабатты үйде жылу жоқ

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2020
  • 1967

Ақтөбедегі 24 көпқабатты үйде жылу жоқ. «Нұр-Ақтөбе» мөлтек ауданының тұрғындары, бүгін облыс әкімінің ғимаратына баса көктеп кірді. Жаңадан бой көтерген үйлерді жылумен қамтитын қазандықтың да құрылысы бітпеген. Шенділердің уәдесінен шаршаған бұқара, осыған алаңдаулы. Аймақ басшысы Оңдасын Оразалиннің өзі шығып, түйткілді шешіп беруін талап етті.  

Гаухар Бақыт салқын түскелі электр пешін қосып, жансақтап жүр. Түнде ұйықтағанда екі баласына төрт көрпе жабатынын айтады. Пәтердің салқындығы соншалық, күндіз де киімді қабат-қабат кигізіп қояды.  

Гаухар БАҚЫТ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Не себепті дайын емес үйді береді. Қарамай ма ЖКХ келмей ма? Жилстрой тексермей ме?!

Мұндағы тұрғындардың көпшілігі, баспаналарын «Нұрлы жер» бағдарламасымен жиырма жылға несиеге алған. Әрқайсысы айына орташа есеппен 70 мың теңгеден төлеп отыр. Жарық пен суды да өздері жүгіріп жүріп, қостыртырғандарын айтады. Бірақ жылуға шамалары келмеген.

Жангүл ТЕМІРҒАЛИЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Газды ашып, духовканы қосып қоямыз. Жылу жоқ салқын. Тамақ, шай пісіргенде ғана жылиды. Туалетке кіру не возможно. Ыстық су жоқ. Жуыну үшін суды жылытамыз. Екінші бөлме тіпті жабық тұр ашпаймыз.

Әу-баста жоба бойынша, 24 үй мен 2 орта мектеп тұрғызылған мөлтек аудан, бір жылу қазандығынан жылынады деп жоспарланған. Қазандықта жаңадан салынып жатыр. Бірақ оның құрылысы әлі бітпеген.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:


Бұл «Нұр Ақтөбе» ауданындағы қазандықтың құрылысы үш жыл бұрын басталған. Нысан былтыр қолданысқа берілуі тиіс болған. Бірақ мердігер мекеменің салғырттығынан әлі күнге дейін іске қосылмай тұр.

Қыста қайтіп күнелтетіндерін білмеген халық, облыс әкімінен мәселені шешуді талап етті. Атқамінерлердің уәдесінен шаршағандарын айтады. Бірақ аймақ басшысы төбе көрсетпеді. Базыналы бұқараға жауапты сала қызметкерлері шығып, тағы да уәдені үйіп-төкті.  

Ержан МҰЗДЫБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Мердігер мекемесімен дұрыс жұмыстар жүргізіліп аяқталмағандықтан. Қазіргі таңда басқа мердігер мекеме тағайындалды. Құрылыс жұмыстары жандандырылды. Қазір аяқталу сатысында жұмыстар бір он күн ішінде аяқталуы тиіс.

Бұл баспаналар биыл жазда тапсырылған болатын. Ал, қалада жылу беру 1-ші қазанда басталып кетті. Түстен кейін облыс әкімі шаһарды аралауға шықты. Бірақ неге екені белгісіз "Нұр-Ақтөбе" шағын ауданына аяқ баспапты. Суықтан тонған нұрақтөбеліктер уәделі 10 күнді тағы күтуден басқа амал жоқ.  

Б. Рахметова