Жыл соңына дейін Қазақстан мен Өзбекстанның бірнеше ірі қалалары арасында тікелей қатынайтын автобус рейстері ашылады. Мәжіліс қос елдің автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы бекітті. Инвестициялар және даму министрінің сөзінше, көрші елдер арасында тікелей қатынайтын қоғамдық көлік бұған дейін болмаған. Жолаушылар белгілі бір жерге дейін жетіп, шекара асып, әрі қарай басқа көліктерге мінетін. Ал, енді жолаушылардың машақаты айтарлықтай азаяды. Кеден бекеті де жаңа нормаға сай дайындалып жатқан көрінеді. «Жолаушылар «жасыл дәліз» арқылы шекарада көп бөгелмейді», - деді министр. Ал, билет құнын нарық реттейді. Еске салайық, тек өткен жылдың өзінде қос елдің шекарасынан 8 миллионға жуық адам өткен.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
Бірінші маршрут Шымкенттен
Ташкентке барады деп, біз өзбек тарапымен келістік. Әрі қарай комиссия
қарастырады. Өзімізден бізде Қызылорда, Тараз, Шымкент, Алматы осындай ұсыныс
білдірді. Тек Ташкентке емес, басқа қалаларға да баруға.