Елордада биыл тұңғыш рет бәйге түрінен республикалық турнир өтті. "Елбасы кубогының" жүлде қоры - 20 миллион теңге. Ұлттық спорт додасын ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрілігі, Ұлттық спорт қауымдастығы, "Nur Otan" партиясы мен қала әкімдігі ұйытқы болды.
Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:
Бұл жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100-ден астам шабандоз қатысуда. Жарыс "Аламан бәйгемен" түйінделетін болады. Негізі шабандоздарға тігіліп отырған қаржы көлемі 20 миллион теңгені құрайды. Жарысқа қатысушылардың арасында бұрымды аруларымызда бар.
Доданың қатысушылары бәйгенің 4 түрінен бақ сынады. Қашықтық 7,9,16, 25 шақырымға жалғасқан. Ат жарыс эпид-ахуалға байланысты көрермендерсіз өтті. Алаңға тек шабандоздар мен атбегілері ғана жіберілген. Бәйгені ұйымдастыруға мұрындық болған "Nur Otan" партиясы өкілдері турнирды дәстүрге айналдыруды жоспарлап қойған.
Арман ҚЫРЫҚБАЕВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Міндетті түрде жалғасады. Келесі алдағы уақыттарда Құдай бұйыртып өз орнына келіп жатса, әрине қаншама мың адам жиналған үлкен аламан той болады деген ойдамыз. Баршасына тілектеспіз, ұлтымыздың рухы мұқалмасын!
Жарысқа қатысып топ жарғандардың бірі - Алматы облысынан келген "Талхиз" атты 2 жасар байтал. Ол "Құнан бәйгеде" бірінші болып келіп, бір жарым миллион теңгені қанжығасына байлады. Ат иесі бұл жеңісін, марқұм болған атбегісіне арнап отыр.
Ұлан ОМАРОВ, ЖҮЛДЕГЕР:
Осы "Елбасы кубогынан " ұтамын деп, осы қыстай дайындаған болатын. Осы арманы еді, арманына жетті.
Сайыс қорытындысы бойынша, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген шабандоздар жүзден жүйрік атанды. Екінші орын Маңғыстау мен Алматы облыстарынан келген шабандоздарға бұйырды. Ал, үшінші орын Ақмола мен Алматы облыстарының сүйгіліктеріне берілді.
А. Данияр