Русский Сайттың толық нұсқасы

Күл-қоқысты өртеу қаншалықты тиімді?

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2020
  • 5465

Қазақстан полигондарында 120 миллион тонна қоқыс жиналып қалған. Жыл сайын 5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық оған қосылып келеді. Осыған алаңдаған мамандар қалдықтарды өртеуді ұсынған еді. Мәжілісмендер мұны қолдағанымен, сенаторларға ұнамады. Әріптесім Әлішер Өмірзақ жағдайымен жақынырақ танысып, қоқыс өңдейтін зауытта болып қайтты.  

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Мынау - Нұр-Сұлтан қаласындағы жалғыз қоқыс өңдейтін зауыт. Мұнда күніне 1 мың тонна қоқыс келіп түседі. Оның тек 10 пайызы ғана сұрыптауға жарамды және өңдейтін зауыттарға жөнелтіледі. Ал қалған 90 пайызын полигонға апарып көмуге мәжбүр.  

Ал полигондардың саны республика бойынша 3,5 мыңнан асады. Біразы толған. Қоқыс өңдейтін зауыт директоры мұны халықтың сұрыптауға аса мән бермейтінімен түсіндіреді.

Айдын НҰРАХМЕТОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚОҚЫС ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Шамамен екі жыл бұрын Астанада қоқысты сұрыптауға қатысты бағдарама іске қосылған. Бірақ оның нәтижесін көрмедік. Бұрын да жалпы қоқыстың 10-15 пайызы өңдеуге жарамды болса, қазір де сол. Сондықтан амал жоқ, жарамсыз қоқысты кішірейтіп, яғни бумалап, полигонға апарып көмеміз.  

Салаға жауапты министрлік қоқыспен күресудің жаңа жолы ұсынды. Мәжілісмендер мақұлдаған заң жобасында, оны өртеу көзделген. Нәтижесінде артық қоқыстан құтылып қана қоймай, энергия алу мүмкіндігі де туады. Бірақ бізде оны өртейтін зауыт жоқ. Зауытты салу қыруар қаржыны талап етеді. Осылай деген сенаторлар құжатты "шикі" деп бағалап, төменгі палатаға қайтарып жіберді.  

Қанатбек САФИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
 
Зауыт салу үшін қыруар қаржы қажет. Сондай-ақ заңда экологияға орасан зиян әкелетін өндірістен шығатын қалдықтарды жағуға қатаң тыйым салынатынын нақтыланбаған.

Қалдықты өңдеумен айналысып жүрген Айдын Нұрахметов дамыған елдерде «қоқысты өртеу» бұрыннан бар екенін айтады. Тиісті нормаларды сақтап, экологияға зиян келтірмеуге де болады, дейді.

Айдын НҰРАХМЕТОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚОҚЫС ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қоқысты өртеу, әрине, қымбатқа түсуі мүмкін. Бірақ біз қалдықтарды полигондарға көме бергеннен гөрі, одан арылу тиімдірек екенін түсінуіміз керек. Тиісті нормаларды сақтап, экологияға зиян келтірмеуге де болады. Мәселен Жапонияда 80-ге жуық қоқыс өртейтін зауыт бар. Қазақстан неге біреуін сала алмайды?


Айта кетейік, қазіргі таңда елдегі полигондарда 120 млн тонна қоқыс жиналып қалған. Жыл сайын 5 млн тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық қосылып келеді.  

Ә. Өмірзақ