Бір жарым жылдың ішінде, 51 судья кәсіби біліксіз деп танылған. Бүгін Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов, Қазақстан судьяларының съезінде осыны мәлім етті. Мұны олар алқа билердің соңғы 5 жылдықтағы қызметін қайта тексеру кезінде анықтаған. Жиынға қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болса, сот жүйесіне өзгеріс қажет дейді. Сондай-ақ, судьяларға қысым жасайтындарға да ескерту жасады. Толығырақ тілші материалында.
Соңғы жылдары сотқа шағымданушылар 30 пайызға азайған. Сот төрағасы Жақып Асановтың дерегі осы. Бұл - тараптарды татуластыру деңгейінің жетілгені мен судьялар жұмысын бірсыпыра жеңілдетуінің арқасында екен. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын алқа билер бір күнде 20 мың істі қараса, бүгінде оның саны 6 мыңға дейін азайған. Жақып Асанов бұл сот жүйесіндегі жемқорлықтың тыйылуына түрткі болғанын айтты.
Жақып АСАНОВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТ ТӨРАҒАСЫ:
Ол кезде әрбір судья күн сайын 11 шешім қабылдайтын. Елорда мен Алматыда болса күніне 50-ге дейін шешім қабылданды. Сот дәлізі жауап берушілер мен қолдап келушілерге толып тұратын. Сәйкесінше. жемқорлық қаупі жоғары болды. Аз іс болса, жемқорлық дерегі де аз болып, іс сапалы қаралады.
Жоғарғы сот төрағасының мәліметінше, осы пара алу дерегі бойынша өткен 2 жылда 28 судьяның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Оның тең жартысы темір торға тоғытылса, қалғаны жұмыстан босатылыпты. Кейбірінің ісі әлі сотта қаралып жатыр. Съезге қатысқан Мемлекет басшысы заңды бұзған судьяларды жазалап қана қоймай, сот әдебін қалыптастыру керек деді. Өйткені, алқа билердің абырой-беделі мінсіз болуы шарт екенін еске салды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Дамыған елдердің көпшілігінде судьяларға қойылатын талаптардың жоғары. Болмашы жат қылығы үшін мұндай лауазымды қызметке тағайындала алмайды. Бұл тәжірибені Қазақстанда қолдануы тиіс. Тағы айта кетерлігі, соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлердің судьяларға қысым жасауы көбейген. Олар өз әрекеттері үшін заң алдында жауап берулері керек.
Мемлекет басшысы сот жүйесіне әлі де болса түбегейлі өзгеріс қажет деп отыр. Оның дерегінше, отандық сот әлем елдерінің тізімінде тәуелсіздігі жағынан 71-ші орынға жайғасса, заң үстемдігі бойынша 62-орында тұр. Сот жүйесін қайта құру кезінде тек азаматтардың ғана емес, кәсіпкерлер мен инвесторлардың мүддесіне де қарау керек, деді Президент.
А. Мүтәлі