Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордалықтар апатты жағдайда тұрған жеделсатыны пайдаланып жүр

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2020
  • 1650

Бүгін арнамызға елорданың қақ ортасындағы көпқабатты үйдің тұрғындары шағымдарын айтып хабарласты. Салынғанына 7 жыл болған баспананың жеделсатысы апатты жағдайда дейді. Тиісті мекеме де адам өміріне қауіпті екенін 1 жарым жыл бұрын анықтағанын жеткізді. Тұрғындар содан бері мәселені шешетін жан табылмай жүргенін айтып, араласуымызға өтініш жасады. Тыңдап көрейік.

Гүлбану БАЙТЕЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қанша жерге барып келдік, айқайлап жатырмыз ұрысып жатырмыз. Шешім шығарып қойған құжаты да бар қолымызда. Лифті қолдануға болмайды төтенше жағдайда деген. Онсызда біреуі істемейді: грузавой істемейді, адамдар мінетіні істейді. Бар мекемелерге барсақ, бір-біріне сілтеп жатыр. Бір қайғылы жағдай болу керек пе, лифт ауыстыру үшін түсінбедік соны.

Әділет РАХЫМБАЙ,ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Осы мәселенің мән-жайын білу үшін Нұр-Сұлтан қаласының атқамінерлеріне хабарластық. Қазір бізден тікелей байланыста қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының Газ инспекциясы және көтергіш құрылымдарды бақылау бөлімінің маманы Думан Жайылбеков бар екен. Қайырлы кеш, Думан Оралтайұлы! Аталған проблемадан хабарларыңыз бар болар? Өткен жылдың тамыз айынан бері не үшін әрекет етпей отырсыздар? Апатты жағдайда деп танылған екен. Әлде көрерменіміз айтқандай, бір қайғылы жағдай болу керек пе?

Думан ЖАЙЫЛБЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:

Саламатсыздар ма? Жоқ, ол сараптама нәтижесі бойынша жаңағы «апаттық» болғандықтан, тұрғындардың жалпы жиналысында мемлекеттік бағдарлама бойынша лифтіне ауыстыруға келісімге жеткен соң, барлық жобалық сметалық құжат өткізілген соң қазіргі таңда мердігер белгіленіп лифтерге тапсырыс берілді.

Әділет РАХЫМБАЙ,ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Осы жеделсатыға 80-ге таяу пәтер иелерінің күні қарап отыр. Оның ішінде жасы үлкені мен балалар да бар. Нақты айтыңызшы, мәселе қашан шешіледі? Тұрғындар қанша уақыт күтуі керек?

Думан ЖАЙЫЛБЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:

Лифтерге қазіргі таңда тапсырыс берілді. Қараша айында лифтерді ауыстыру жұмысы басталады. Оны 2020 жылдың 25 желтоқсанына дейін жоспар бойынша пайдалануға берілуі керек.


Әділет РАХЫМБАЙ,ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Бұл мәселені ертерек шешуге болмайды ма? Өйткені үлкен кісілер бар дегендей.


Думан ЖАЙЫЛБЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:


Өкінішке қарай, сол барлық құжаттар дайын болғанға дейін сонша уақыт өтті. Қазір лифттің келуіне жаңағыдай монтаждық жұмыстар жасауына біраз уақыт керек.

Әділет РАХЫМБАЙ,ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:


Сұхбатыңызға рақмет! Жеделсатының мәселесі шешімін тапқанша, өз бақылауымызда ұстайтын боламыз. Сіздер тараптан да жедел жұмыс жүргізіледі деп ойлаймыз. Қымбатты көрермен, сізді де толғандырған өзекті мәселеңіз болса, экранда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласуыңызға болады. Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз.


А. Данияр