Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда дәрігерлерге ашуланған бұзақы жұртты гранатамен қорқытқан

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2020
  • 1868

Қызылжарда медициналық тексерістен өтуге келген жергілікті тұрғын, ақ халаттыларды аяғына тік тұрғызды. Ол кезекті бұзғандардың әрекетіне ашуланып, қалтасынан граната алып шыққан. Төтенше жағдай қалалық нөмірі төртінші емханада болды. Бұзақыны ұстау үшін құзырлы мамандар арнайы операция жасады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қалалық нөмірі төртінші емхананың дәрігерлері бүгінгі күнді көпке дейін ұмытпасы анық. Адамдарды емдеудің орнына ақхалаттылар таңертен бірнеше сағат бойы далада тоңып тұруға мәжбүр болды. Себебі, келушілердің бірі емханаға гранатамен келген.

Елді дүрліктірген адам, дәрігерлерге қаралуға келіпті. Қан тапсыруға кезек күтіп тұрғанда, ашуға булыққан. Айқай-шу шығарып, қалтасынан гранатаны алып шықты. Мұны көргендердің барлығы дүрбелеңге түсті. Ал, өзінің бұл әрекетін бұзақы былай түсіндірді.

ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Зертхананың қасында жұрт кезексіз өтіп жатты. Соған ашуландым. Ал гранатаны үш жыл бұрын вокзалда таптым. Содан үйімде сақтадым.


Бұзақыны ұстау операциясына ОМОН сарбаздары мен саперлар қатысты. Бірақ олар  мекемеге баса көктеп кірген жоқ. Себебі, тәртіп сақшылары келгенше, емделушінің ашуы тарап үлгерген.

Сән ЖҰМАҒАЗИНА, СҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жарғыш техника мамандарының алдын ала жүргізген сараптамасына сәйкес ф1 гранатасында тұтандырғыш болған жоқ. Бұл оның жарылу қаупінің төндірмейтінін көрсетеді.


Полиция жарылғыш затты өзімен алып жүрген бұл адамға қандай жаза болатынын ашып айтпады. Белгілісі шу көтерген адам, 58 жаста. Ауғаныстан соғысының ардагері, әрі жүгіруден параолимпиада ойындарының қатысушысы екенін анықталған. Соғыс ардагерінің психикалық диспансерде тіркеуде тұрмағаны да белгілі болды.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Ал медициналық қызметтің сапасына қатысты шағымды, денсаулық сақтау басқармасына жолдаған едік. Бірақ олар сұқбат беруге асығар емес. 

А. Құрманкин