Русский Сайттың толық нұсқасы

Су «ЖаңаСУ» атауында ғана бар. Жарты жылдан бері ауыз сусыз отырған ауыл.

  • AstanaTV
  • 23 қыркүйек 2017
  • 4392

Халық тығыз қоныстанған оңтүстіктен тұрғыны аз солтүстікке, сондай-ақ, шығыс облыстарға адам қоныстандыру бағдарламасы бірнеше мәрте айттық, өте маңызды бағдарлама – адам үшін де, үлкен саяси астарымен де.

Бірақ «бірақсыз» күн өтіп пе, Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Жаңасу ауылына ОҚО-нан көшіп барғандар ...сусыз отырамыз деп ойламаған да еді. Біріншіден, қоныс аударғандар ғана емес, сол жердің тұрғындарының ауыз сусыз отыруы «ең болмағанда ішетін су да жоқ» дейтін сол баяғы ашуды туғызады. Екіншіден, егер ауылдың болашағы жоқ болса, онда неге ол жерге болашақ іздеп келгендерді қоныстандырады? Шенеуніктер «оңтүстіктен адамдарды көшіргенде Жаңасуда су болған», - дейді. Демек шенеуніктер ауылдардағы су қорлары қаншаға жететінін есептеп отырулары керектігін білмейді де деген сөз. Оны зерттеп, зерделеп отыратын түсінік болмағаны. Сондай-ақ, аталған ауылда су көктемде таусылған. Жаз бойы мәселе шешілмеген, міне қара күз туды. Солтүстік өңірлерде қар қазан айында да түсе береді... 

Бұл Шал ақын ауданындағы Жаңасу ауылы. Облыс орталығынан 150 шақырым жердегі мекенде бүгінде 34 түтін бар. Халық саны аз болса да, ауыл әлі күнге дейін болашағы бұлыңғырлардың қатарына жатқызылмаған. Елді-мекенде медициналық бекет пен мектеп, тіпті балдырғандардың орталығы да бар. Шалғайда орналасқанымен, ауылға апарар жол жаман емес. Бір сөзбен айтқанда, ауыл жұртшылығы кішігірім кәсіптерін дөңгелетіп, тірліктеріне тәубе етіп отыр. Алайда, бірнеше ай бұрын ауыл тіршілігі тоқтап қалды десе болады. Дүйім жұрт тұтынып жүрген тіршілік көзі табан астынан таусылып қалды.

Жаңбырбай Қарабаев, Жаңасу ауылының тұрғыны:

Су ішетін ауыз суымыз болмайды. Кір жуатын, балалардың кірін жуа алмайды. Не суға түсу деген. Ол қандай гигиенаға жатады? Не бір жан-жақтан басшыларымыз келіп, біз бүйтіп жатырмыз деген жоқ.

2004 жылы «Ауыз су» бағдарламасы аясында Жаңасу ауылының маңайынан ұңғыма қазылып, суды тазартатын сүзгі қойылған. Нысан көктемге дейін мінсіз жұмыс істеп келген. Алайда, жерасты қорының да шегі бар, су таусылған.

Жаңбырбай Қарабаев, Жаңасу ауылының тұрғыны:

Ұңғымадағы су таусылды дейді. Енді басқа жерден ұңғыма қаз десе, мына жерде геологтардың қазған ұңғымасы бар да, содан тартайық дейді. Енді соған свет тарту керек. Свет тартуға 700 мың керек. Одан тағы да сол жер трубаны қосу керек қой. Трубаға 700 мың керек, дейді. Сонда бас-аяғы 1,5 миллион теңге ақша. Сол бір жарым миллионды алты айдан бері таба алмай отыр.

Жұрт айтып отырған ауыл маңайындағы ескі су ұңғымасына билік өкілдері күмәнмен қарайды. Оның су қоры зерттелмеген, дейді. Жалпы, жарты жыл бойы қол қусырып отырған шенеуніктер жұмысқа енді кіріскендей. Айналаны ақтарып, тұщы суды іздеуді олар жуырда ғана қолға алған. 

Жанат Оспанов, СҚО Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

Біз геологиямен айналысатын бір көкшетаулық компаниямен келістік. Олар жақын арада зерттеу жұмыстарын бастайды. Егер жеткілікті мөлшердегі су қорын анықтаса, онда қысқа дейін тез арада сусорғыш механизмін орнатуға тырысамыз. Ал оған дейін тұрғындарға су басқа ауылдан тасылады. Орақ науқаны аяқталған соң, бұл жұмысқа шаруа қожалықтары кіріседі.

Абзал Құрманкин, тілші:

Көлігі бар тұрғындар тіршілік көзін көрші ауылдан тасып әлек. Ал мүмкіндігі жоқтар мал ішетін суды тұтынуға мәжбүр. Жұрттың айтуынша, құдықтың суы – тұзды. Тілдің ұшын тигізген бетте шын мәнінде тұздың дәмі сезіледі екен.

Бұқараның айтуынша, соңғы жарты жылда бүйрек пен бауыр ауруымен сырқаттанғандардың саны күрт көбейген. Организмді тазартауға жауап беретін дене мүшелері лай суға шыдас бермей жатыр, дейді жұрт. Әсіресе, ауылдың ақсақалдары мен қарт аналары зардап шегіп отыр.

Анар Закирьянова, Жаңасу ауылының тұрғыны:

Почкамыз дұрыс істемейді. Міне, бетіміз ісіп, уже больницаға түсіп жатырмыз. Мен де міне бір-екі күнде больницаға жатамын деп отырмын. Судың кесірінен денсаулықтан айырылатын шамамыз болып тұр.

Енді бұл мәселенің екінші бір қырына келейік. Жаңасуға былтыр күнгейден – Оңтүстік Қазақстан облысынан 4 отбасы көшіп келді. Қандастарымыз Қызылжардың шұрайлы топырағын өңдеп, мал ұстаймыз деп қоныс аударған. Жұрт көздегеніне қол жеткізді. Отбасылардың түгел дерлігіне баспана берілсе, жұмысқа жарамдылары еңбекпен қамтылды, сондай-ақ жайылымға арналған жер де тарту етілген. Алайда, ең басты мәселе су – тіршілік нәрі жоқ болып тұр. Бұқара мемлекеттік бағдарламаға енді күмәнмен қарап отыр.

Самал Сұлтанова, Жаңасу ауылының тұрғыны:

Сол суды ашып берсе, одан басқа ештеңе керек емес. Осы жерде отыра береміз. Ауылды көркейтіп, үлкейтіп отыра береміз. Биыл шама болса, ендігі жылы көшіп кетуге тура келеді біздерге. Қимай тастап кетеміз. Су болса, отырамыз дальше. Су болса, артымыздан еріп келетін семьялар бар, ол жақта.

Негізі, оңтүстіктен адам көшіріп әкелу бағдарламасының қарқыны жаман емес. Жаңа мекенге ұмтылғандардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Былтыр 135 отбасы қоныс аударса, биыл олардың саны 155 жеткен. Бөлінген квотаға қарамастан, өздігімен көшіп жатқандар бар. Мекен ауыстыру бойынша Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының тұрғындары белсенді.

Алма Махметова, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысына 110 квота бөлінді. Бірақ, көшкен отбасылардың саны – 155. Біз қалған 45 отбасыны қаржыландыру үшін министрлікке қосымша өтініш бердік. Былтыр да осылай болған. Сол кезде Үкімет қалған отбасыларға қосымша қаражат бөлді.

Туған өңірінде кәсібін өркендете алмаған жұртқа үй мен жердің берілуі жақсы-ақ. Алайда, судың маңызы өзгелеріне қарағанда маңыздырақ. Көшу бағдарламасының шарапатын сараптай келе біз тығыраққа тірелдік. Ахуалы көңіл көншітпейтін ауылдарды ұсынғандық – бұл елді-мекендерді терең зерттемегендік пе, әлде қарапайым енжарлық па? Құзырлы мекеме өкілі: «жыртықты жасырған емеспіз, тұрғындар бұл ауылдарға өз еркімен көшті», дейді.

Алма Махметова, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

Біз ауылдарды бірнеше критерий бойынша таңдаймыз. Ол жерде ең бастысы үй мен жұмыс орны болуы қажет. Мал өсіруге мүмкіндік беру – бұл да талаптың бірі. Ал су мүлдем жоқ емес, құдықтың суы бар. Тұрғындар көшер алдында өзіне тиесілі ауылмен танысып алады. Оларды күштеп көшіріп жатқанымыз жоқ. Жұрт өз еркімен қоныс аударады.

Яғни, шенеуніктердің сөзі «жұрт ауылды өзі таңдап алуы тиіс» дегенге саяды. Сондықтан опық жеп қалмас үшін қандастарымызға  ауылдарды әбден зерттеп барып, көшулері керек екен. Ал ауылдардағы су қорлары қанша жылға жететінін атқарушы билік білмей отырғанда қоныс аударушы қалай біледі?

Жалпы, Шал ақын ауданында 44 ауыл бар. Оның үшеуі орталықтандырылған су жүйесіне қосылса, тоғыз елді-мекенде ұңғымалар орнатылған. Ал қалғандары өткен ғасырдағыдай, әлі күнге дейін құдықтың суын тұтынып жүр. Демек, орталықтандырылған су жүйесі атымен жоқ болса керек. Бір қызығы, аталған ауданда өңірдегі ең ірі су қоймасы орналасқан. Сергеев су торабы бір емес, бақандай үш облыстың ондаған ауданын тіршілік көзімен қамтып отыр. Алайда, қолда бар байлықты кәдеге жарату жоспарда жоқ көрінеді. Демек, ауылдарға су жүйесін тарту мәселесі күн тәртібіне енбеген... 

Ал жаңасулықтар болса, геологтарға үміт артып отыр. Себебі, қысты күні жолдарды қар басып, көрші ауылдардан су тасу мүмкін болмайды. Мәселені қара күзге қалдырғандарына қарап, шенеуніктердің ала жаздай ауыз судан да маңызды қандай шаруалары болды екен деп ойлайсың.

Анар Закирьянова, Жаңасу ауылының тұрғыны:

Тас жиналып, көбі бауырдан, өттерінен ауырғандар бар. Үлкен кісілер енді. Біз де сондай жағдайға келейін деп тұрмыз. Іш құрылысымыздан айырылайын деп тұрмыз, былай айтқанда.

Абзал Құрманкин «Біздің уақыт».