Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұр-Сұлтанда дамуы тежелген мүгедек жігіт жоғалып кетті

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2020
  • 4235

Нұр-Сұлтанда 24 жастағы Назар Арминге іздеу жарияланғалы айға жуықтады. Бірақ табылар емес. Анасының айтуынша оның дамуында ауытқуы бар. Жас жігітті полиция ғана емес, еріктілер де іздеп жатыр. Жақсылықтан үміт үзбеген анасы арнамызға хабарласып, көмек сұрады. Айя Мүтәлінің репортажы.

Өзін қоярға жер таппай жүрген анасының айтуынша Назардың 14 жасынан бастап тағдыры өзгерді. Қол-аяғы сау болғанымен дамуы тежелген. Әжесі дүниеден өткен соң, немересі еліс кезіп кетті дейді. Талай мәрте психологиялық орталықтарға барғанмен, ешбірінен көмек болмаған. Қазір істеп жүрген әрекетіне де жауап бере алмайды деді.  

Саида, НАЗАР АРМИННІҢ АНАСЫ:


Ұлым 2-ші топтағы мүгедек. Оған ерекше күтім қажет. Талай рет шетелдік мамандарға жүгінгеніммен, еш нәтиже болмады. "Психикалық орталыққа жатқызып кет" деп айтқандарда болды. Бірақ, мен баламды тастамаймын. 24 сағат қасында болмасам да, арнайы мамандардың көмегіне жүгініп келемін.

Саида жұмыс баласымен шетелде тұрады. Қазақстанға қазан айының басында жұмыс бабымен  келген. Ұлын дәрігерге қаратып алмақшы болған. Мұны сезіп қалған болса керек, ақ халаттылардан үркіп қалған, үйден қашып кетті", дейді. Не жылы киімі, не аяқ киімі жоқ Назар 2-ші қабаттан секіріп кетіпті. Содан бері ұшты-күйлі жоқ.

Саида, НАЗАР АРМИННІҢ АНАСЫ:

Қашып кететін әдеті бар еді. Бірақ, бұлай ұзаққа емес. Ары кетсе, 3-4 күнде тауып алатынбыз. Көбіне әжесін сағынып, соның бейітінің жанынан, болмаса балалық шағын өткерген аудандардан тауып жүргенбіз. Бірақ, бұл жолы табылмай жатыр. Күн болса, суытып барады. Ал ұлымның қандай жағдайда жүргенін білмеймін. Бір білетінім, ол тірі. Жүрегім сезеді.  

Саида ұлы қашып кеткен күні бірден полицейлерге хабарлаған. Іздестіру-құтқару жасағы бүкіл қаланы жаяу да, ұшақпен де кезіп көріпті. Алайда, таба алар емес.  

Эльмира ШӘУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ЖЕТЕКШІСІ:
 
Бір әйел азамат, полицияға қоңырау шалды. Осы жоғалған азаматтың түр-тұлпатына ұқсас адамды көргендігі жайында. Қазірде ол әйелден жауап алынды. Бірақ оқиға орнында тапқан жоқпыз. Әрі қарайғы іздестіру шаралары жүріп жатыр.

Шарасыз анаға волонтерлер де қол ұшын созуда. Арнайы топтың жетекшісі іздестіру жұмыстарын тағы да жеделдетуге бірнеше адам атсалысса дейді.

Бибігүл ӘШІРОВА, «QANAT» ВОЛОНТЕРЛІК ҰЙЫМЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бейнебақылаудан көргеніміз бойынша, Назар Республика көшесінен Жағалау шағын ауданына қарай кеткен. Әрі қарай қайда беттегені белгісіз. Әзірге командамызда 20 шақты ерікті бар. Бізге тағы адамдар керек. Әсіресе, дрон техникасы бар жандар көмекке келсе деп едік. Себебі, қаланы бірнеше рет әуемен шарлап көру қажет.
 
Із-түзсіз жоғалған Назардың анасы, баланы көрген адамдардан көрсетілген нөмірге хабарласуын сұрайды. Ол арықша келген, шашы мен көзі қарақоңыр, оң жақ бетінде меңі бар.

Байланыс нөмерлері: 8702-759-94-47, 8775-160-00-28

А. Мүтәлі