Русский Сайттың толық нұсқасы

Елжан Біртанов не үшін қамауға алынды?

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2020
  • 3479

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қамауға алынды деген ақпарат тарағалы ғаламторда түрлі пікірталас туды. Маусымның соңында қызметін босатқан экс-министр неге қара күзде ұсталды? Желіде әрқилы болжамдар бар. Отқа май құйғандай, ресми органдар да себебін ашып айтпады. Ол аздай мессенджерлер арқылы "белгісіз құжат" скриншоты тарады. Дегенмен, бүгін бұрынғы министрдің ұсталғаны ресми түрде расталды. Экс-шенеунік қомақты қаражатты "ысырап" қылыпты.

Интрига осы суреттен басталды. "Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру жүйесіне бөлінген қаражаттан жарты млрд теңгені жеп қойыпты-мыс" деп жазылған. Артынша Елжан Біртановтың ұсталғаны хабарланды. Алайда ресми органдар, "Тергеу құпиялылығына байланысты ақпарат берілмейді", деп мәлімдеді.

Арман ЖҮНІСОВ, ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГІ КОМИТЕТІ БАҚ-пен ЖҰМЫС ІСТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сотпен қамауда ұстау бұлтартпау шарасы санкцияланған. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды.

Жаздың ортасында қызметінен кеткен Елжан Біртанов, 5 ай өткенде неге құқық қорғау органдарының есіне түсті? Әлде істің күрделілігі сол, оның күрмеуі енді шешілді ме? Бұған қатысты  сарапшылардың да пікірі әрқилы. Саясаттанушылардың жауабынан қарағанда сұрағы басым.

Досым СӘТПАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:


Негізі денсаулық саласында бірінші рет коррупциялық жанжал туындап отырған жоқ. Жемқорлықтың тамыры тереңде жатыр. Менімше бұл жерде ол, "құрбандыққа кеткен жан". Яғни пара алып "дөкейлер де" ұсталып жатыр дегеннің көрінісі. Қалай болғанымен жан-жақты дұрыс тергеу қажет. Тағы бір айта кетерлігі короновируспен күресте бір ғана - Денсаулық сақтау министрлігі ғана емес көптеген мекемелер мен жергілікті билік өзінің қауһарсыздығын көрсетті.

Қалай болғанымен Елжан Біртанов 5 мың теңгемен ұсталған "шабақ" емес. Миллиардтарға қол сұқты деген "шортан". Қанша айтқанмен, Билікте төбе көрсеткен, өзіндік қолтаңбасы бар ірі саясаткердің бірі. Қарапайымдылығымен де танылғысы келгені рас. Қытайлық індет жайылғанда елмен бірге қолын жуып, маска киіп талай флеш-мобтар өткізді. Ақыры "тәж дертіне" өзі де шалдығып, әрең жазылып шықты. Еске сала кетейін, Елжан Біртанов - Президент жарлығымен маусымның 25-де қызметінен қуылған. Оның ұсталғаны бүгін ресми расталды. Егер айыбы дәлелденіп жатса, онда оның дүние-мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Д. Мұхаммедкәрім