Қоғамда қызу талқыланған зейнетақы қорына қатысты заң жобасы бүгін мәжілісте мақұлданды. Жаңа құжатты сенаторлар да қолдайтын болса, келесі жылдан бастап ел тұрғындары жинақтағы қаржысының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға я болмаса емделуге жұмсай алады. Еңбек және халық әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов мұндай мүмкіндік 700 мыңнан астам адамға бұйыратынын айтты. Қазақстандықтар жалпы соммасы 1 триллион 400 миллиард теңгені жұмсай алады, деді вице-министр. Айта өтейік, соңғы дерекке сүйенсек, елдегі 10 млн 800 мың азаматтың шотында зейнетақы жинағы бар. Алайда, соның 6 млн-ға жуығының жинағы 500 мың теңгеге де жетпейді. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин қоғамда қарама-қайшылық тудырған заң жобасын халыққа барынша дұрыс жеткізуді тапсырды.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Зейнетақы жинақтарын пайдалану тетігі қолжетімді әрі түсінікті болуға тиіс. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар осы талаптардың жүйелі іске асырылуын қамтасыз етуі керек.
А. Мүтәлі