Русский Сайттың толық нұсқасы

Кентаудағы жекеменшік балабақша қызметкерлері жалақыдан қағылды

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2020
  • 3083

Түркістан облысы Кентау қаласындағы жекеменшік балабақша қызметкерлері жалақы алмаған. Тіпті алдағы 3 айда да болмайтынын ескерткен. Осыған наразы мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, бүгін редакциямызға хабарласты. Қазан айының ақшасын алмағандар қарыздың астында қалдық дейді. Ал,  қалалық білім бөліміндегілер жағдайды түсіндіруге құлықсыз көрінеді. Тыңдап көрейік.

КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Білім бөліміндегілер 3 ай ақша бермейміз деп отыр. Мысалы, біздің кредитіміз бар дегендей. Мен өзімнің жеке екі жерде кредитім бар. Күйеуім болса жұмыс істемейді, көпбалалы анамын. Мен 3 ай бойы не істесем болады? 3 ай бойы ақша жоқ не істесеңдер соны істеңдер. Жұмысшыларыңды шығарсаңдар шығарыңдар өздерің шешіңдер депті. Қазан, қараша, желтоқсанға дейін ақша жоқ дейді.

Әмина ЖҰМАМҰРАТ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Осы шағымның ақ-қарасын білу үшін Кентаудағы балабақшалардың біріне хабарластық. Бөбекжай басшылары болса, бюджетте соңғы үш айға ақша қаралмағанын жеткізді. Тіпті, кейбіреулері жұмысшыларын қысқартып жатқанын айтты.

Дилдар ЕРГЕШҚЫЗЫ,  ЖШС БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Тоғыз айлық, айлықты алып болды балабақшалар Кентаудағы. Ал алдағы 3 айға ақша жоқ. Бюджетте 1 тиын қаржы жоқ. Білім бөліміндегілер қайтадан келісім-шартқа отырған жоқ. "Неге отырмайсыздар?" десем қаржы жоқ, егер келісім-шартқа отырсақ оны орындай алмаймыз дейді.

Әмина ЖҰМАМҰРАТ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Осы мәселенің мән-жайын білу үшін Түркістан облысының атқамінерлеріне хабарластық. Қазір бізден тікелей байланыста Кентау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Баянғали Жұмабаев бар екен. Қайырлы кеш, Баянғали Әбдірахманұлы! Мәселеден хабарыңыз бар болар. Не себепті 3 айға қаржы қарастырылмаған? Мыңнан астам балабақша мамандары жалақысыз қалай өмір сүреді?   

Баянғали ЖҰМАБАЕВ,  ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ м.а.:

Қайырлы кеш! Сәлеметсіздер ме? Бұл мәселе бойынша, барлық Кентау қаласындағы мемлекеттік органдар тиісті органдардың хабары бар. Былтыр 9 айға келісімшартқа отырған. Ол 9 айға 1 миллиард 175 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі таңда сол қаржы толықтайын төленді. Енді 3 айға 350 миллион теңге қаржы қарастырылды. Біз жан-жақпен жұмыс істеп жатырмыз.


Әмина ЖҰМАМҰРАТ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Нақтылап айтыңызшы, проблеманы шеше аласыздар ма? Қалай шешесіздер?

Баянғали ЖҰМАБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ м.а.:

Осы 350 миллион теңгені біздің есеп шотымызға келіп түскен кезде барлығына толықтай төлеп береміз.

Әмина ЖҰМАМҰРАТ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Уәде бересіз бе? Қызметкерлер айлық алғанша өз қадағалауыңызға аласыз ғой?

Баянғали ЖҰМАБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ м.а.:

Иә, бұл бойынша тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жасап жатырмыз. Барлығыннан хабарымыз бар, халықтың осы мәселесіне күнделікті органдар ақшаның жеткізілуіне әрекет етіп жатыр.  

Әмина ЖҰМАМҰРАТ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Сұхбатыңызға рақмет! Сөзіңізге сенейік. Арна тілшілері мәселе шешілгенше мекеме қызметкерлерімен байланыста болады. Қымбатты көрермен, сізді де толғандырған өзекті проблема болса экранда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласуыңызға болады. Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз.

А. Данияр