Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанға коронавирустың екінші толқыны әлі жеткен жоқ

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2020
  • 2198

Қазақстанда коронавируспен ауырғандар көбейгенмен, екінші толқын басталған жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Өткен апталармен салыстырғанда індетті жұқтырудың көрсеткіші 1,7 есеге өскен. Науқастар санының артуына не себеп? Асылбек Данияр жауап іздеп көрді.

COVID-19 әлемде қайтадан күшіне мінді. Әсіресе өсім Еуропа елдерінде байқалады. Бізде де жағдай мәз емес. Шалдыққандар саны барлық аймақтарда артып отыр. 45 пайызы Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Сонымен бірге, коронавирус жұқтырғандар Қостанайда 4, Батыс Қазақстанда 3,2, Павлодар облысында 2,7 есеге өскен.

Ержан БАЙТАНАЕВ, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Тестілеу сандарының жоғарлауына байланысты сонымен қатар, көп аурулар өзге өңірлерден не болмаса өзге мемлекеттерден келіп жатыр. Оны әлі күнге шейін біз қазіргі уақытта зерттеп жатырмыз, толық ақпараттарды сізге ұсынамыз.

Кеселдің өршуіне, шетелге шығып қайтқан туристер де себепші екені белгілі. Қытайлық індет шекарадан өткен 364 адамнан және ұшып келген 48 туристтен табылыпты. Басым бөлігі Түркия мен Мысырдан келген. Бұдан бөлек, өткен бір аптаның ішінде 62 мектеп оқушысына дерт анықталған. Бұл жолы да ең көп науқас Шығыста.

Ерлан ҚИЯСОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕР:

Оқу жылы басталғалы бері, оқушылар арасында коронавирустың 825 жағдайы тіркелді. Кезекші сыныптарда оқитын 261 бала, қалған 564-і қашықтан оқиды. Соңғы аптада 9 өңірде осындай жағдай анықталды.

Қарашаның тоғызында ғана карантин күшейтілген Солтүстік өңір, бүгін жасыл аймаққа енді. Алайда, бұл жағдайдың тұрақталғанын көрсетпейді, дейді өкілетті органдар. Айтуларынша, соңғы тәулікте ғана 35 адамнан індет табылыпты. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 18 пайызға көп.

Татьяна ГОРЛОВА, СҚО САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ м.а.:


Екі күн бұрын ғана қызыл сызықтың алдында тұрған едік. Дегенмен жағдай тұрақты деп айта алмаймыз. Себебі, науқастардың саны күн санап артып барады. Індетке шалдыққандардың қатары азайып, жағдай тұрақталған кезде ғана блок-бекеттері алынбақ. Әзірге карантинді жеңілдету жоспарда жоқ.


Өткен тәулікте COVID-19, 580-нен астам қазақстандықтан анықталған. Сонымен жұқпалы індетке шалдыққандар саны 118 мыңнан асты. 1918 адам қайтыс болды. Министрліктің мәліметінше, елде коронавирустың ешкінші толқыны басталмады. Ал, жұқтыру жағынан Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстары "қызыл" аймаққа енді. Айта кетсем, карантин тек қауіпті деп танылған өңірлерде ғана күшейтілмек.

А. Данияр