Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада бір күнде 150 адам травматология бөліміне түскен

  • AstanaTV
  • 13 қараша 2020
  • 2174

Бір күнде 150 елордалық әртүрлі дене жарақатымен медициналық көмекке жүгінген. Бұл тек травматология бөліміне түскен науқастар. Мұзға тайғанап құлағандардың ішінде балалар да бар. Арқада басталған қыс көлік тізгіндеген жүргізушілерді де әбігерге салуда. Алдағы күндері ауа райы қандай болады? Асылбек Даниярдың репортажы.

Мұзға тайып жығылғандар арасында 30 бала бар. Олардың барлығы мектеп оқушылары. Тағы 17 адам аурухана төсегіне танылған. Дегенмен дәрігерлер өміріне қауіпті жарақат алғандар жоқ деді.

Әйгерім АРДАҚҚЫЗЫ, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Күніне жалпы орта есеппен алғанда травматологияның қабылдау бөліміне күніне 30-40 адам келеді. Енді кеше өзіміз көріп отырғандай ауа райы қатты күрт өзгеруіне байланысты әрине, адамдар саны көбейді. Барлығына медициналық көмек көрсетілді. Кісі көп, орын жоқ деген жағдай болмады. Иә, кезекте тұрғандар болды. Бірақ та әрқайсысы кезекпенен медициналық көмегін алды.

Сонымен бірге, көктайғақ кесірінен астанада 100-ден астам жол-көлік апаты болған. Абырой болғандар қайғылы жағдай тіркелмеген. Елордалық полицейлер қардың толассыз жаууына байланысты көлік тізгініндегілерге қауіпсіздік ережесін сақтауды ескертті.

Бауыржан ТОҚЖҰМАНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД ӘКІМШІЛІК ТӘЖІРИБЕ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Қала аумағында тәулік ішінде 136 жол көлік оқиғасы тіркелді. Яғни апат 45 пайызға өскен. Зардап шеккендер жоқ. Ауа райы жағдайына байланысты жүргізушілерден көлікті басқару кезінде мұқият болуға, сондай-ақ жылдамдықты асырмай арақашықтықты сақтауға шақырамыз.


Ауа райын болжаушылар, алдағы үш тәулікте күннің суытатыннын айтты. Көптеген өңірлерде жаңбыр мен қар жауып, жел күшеймек. Солтүстік аймақты бұрқасын болуы ықтимал. Ел астанасы - Нұр-Сұлтанда қар тағы жауады, әрі ауа температурасы төмендейді.  

Айнұр ҚАЙЫНБАЕВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ҚЫСҚА МЕРЗІМГЕ БОЛЖАМДАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕР СИНОПТИГІ:

Еліміздің басым бөлігінде -10, -18 градус аязға дейін, Қазақстанның оңтүстік батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында -2, -3 аязға дейін ауа температурасының біртіндеп төмендеуі күтіледі. Республика бойынша кейбір жерлерде тұман, оңтүстікте көктайғақ күтіледі.

Алматы да кешелі-бері күн райы халықты әбігерге салып тұр. Түнде 39 жол апаты болып, екі адам қайтыс болған. Төтенше жағдай мамандары мұндай жағдайларды болдырмау ережелерін ұсынды. Алыс жолға шығарда, ауа райын бақылауға, жер тайғақ кезде көлік дөңгелектерін маусымға сай ауыстыруға кеңес береді.

А. Данияр