Қызылордада апатты үйде тұрып жатқан 18 отбасы, әкімдік ұсынған жаңа пәтерлерге барудан бас тартып отыр. Салынғанына 30 жылдан асқан баспана, адам өмірі үшін қауіпті болса да, сонда қалуға ниетті. Өйткені жаңасы басыбайлы берілмейді. Тараптарды тындаған аймақтағы әріптесім тақырыпты тарқатады.
Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қыркүйек айында мына үйдің едені ортасына түсіп, есігіне қара құлып салынған. Содан бері бұл подъездегі үйлер бос тұр. Екі отбасы әкімшілік берген уақытша баспанаға көшсе, қалғаны пәтер жалдап кеткен.
Он сегіз пәтерлік үйде, қазір он үш отбасы жан бағып отыр. Күн өткен сайын шөгіп, іргесі іріп жатқан баспанада тұру қаншалықты қауіпті екендігін мұндағылар жақсы біледі. Жергілікті әкімдік, тұрғындарға жаңа баспанадан пәтер ұсыныпты. Бірақ оған баруға бұқара құлықсыз. Үміттен гөрі күдік басым, өйткені жаңа үйді 6 айға ғана бермекші,- дейді.
Күләш АЙМЫРЗАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Алты ай болған соң бармаймыз. Алты айдан кейін кез келген уақытта бізді қуып шығады. Жазбаша түрде мөр басып, қол қойып, бізді сол жақтан үй бергенге дейін тұрайық десек, ол жазбаша түрге көнбейді. Жазбаша түрде бермесе, ертең мынаны бұзып тастайды, ал. Сосын біз қайда барамыз?
Әкімдік апатты үйде тұрып жатқандарға «Бәйтерек» шағын ауданынан уақытша пәтерлер ұсынуда. Тұрғындар айтқандай басыбайлы емес, жалға беруді жоспарлап қойған.
Біржан ДАЛАБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА қ. ТҮКШ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Жалдау шарты рәсімделеді, жалдау шартында көзделген әр жылға рәсімделіп отырады. Оны уақытша баспана ретінде жалдағаннан кейін әрі қарай өзінің кезектілігі келіп, өзінің реттілігімен өз баспанасын алған кезде жалдау шарты күшін жояды. Бұл жөнінде тұрғындарға нақты түсіндірме берілді.
Демек, 18 отбасы үй кезегіне қойылмақ. Бұқараны да алаңдатып отырғаны - осы. Қазір қалада баспана алуға 25 мыңға жуық адам кезекте тұр. Ал, аймақта аталған кезектің жылжуы баяу. Құрылыс қарқыны да бәсеңдеген. Заңгерлер болса, бұл тығырықтан шығар жалғыз жол, ол - шенеуніктердің ұсынысымен келісу,- дейді. Тек құжат рәсімдеуде мұқияттылық танытуға кеңес береді.
Ләззат БАҚТЫБАЕВА, ЗАҢГЕР:
Арада тек жалдамалы шарт жасасу ғана мүмкіндігі бар. Өйткені, ҚР заңнамасында уақытша баспана ұғымы жоқ. Заңнамада көрсетілген дүние, тұрып жатқан адамдарға кезектілік бойынша үй берілмегеннен кейін мемлекеттік органдарда ол үйден оларды шығарып жібере алмайды.
Жалпы, қазір қалада 12 үй апатты деп танылған. Ондағы 177 отбасы, өзінің пәтер кезектерін күтіп отыр.
М. Тоқтасынқызы