Ақтөбе облысында газ баллоны жарылып, 9 адам ауруханаға жеткізілген. Күйіп қалғандардың арасында 10 жастағы қыз бала бар. Тағы үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Қирап қалған баспана табиғи көгілдір отынға қосылған. Не үшін газ баллонын пайдаланбақ болды? Сауалға жауапты аймақтағы әріптесім Бақыт Рахметова жауап іздеді.
Жарылыс қатты болғанға ұқсайды. Оны мына кадрлардан көру қиын емес. Баспананың қабырғасы қирап, шатыры ортасына түсіпті. Жарылыс кезінде үй ішінде қонаққа келіп жатқан туыстары да болған. Бас-аяғы 9 адамның барлығы дереу ауруханаға жөнелтілген. Арасында шақалақ та бар. Өміріне қауіп жоқ деген екі бала мен екі ересек адамды дәрігерлер үйге босатыпты. Қалғаны қазір аурухана төсегіне танылған.
Рустем ИСАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Он жасар бала енді жарақаты денесі, аяқ-қолдары күйік орындары 35-45 процент. Ең үлкен жаңағы 63 жылғы азамат Хромтау ауданының тұрғыны 80 пайыз дейін күйген. Кеше біздер Санавиациямен мамандарды жібердік.
Жансақтау бөлімінде жатқан үшінші адам 20 жастағы жігіт, оның денесінің 45 пайызы күйіп қалған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалады. Дегенмен ертең науқастарды облыс орталығындағы ауруханаға апаруды жоспарлап отыр. Ал, төтенше жағдай мамандары сыйымдылығы 5 литрлік газ баллоны жарылғанын айтыды. Ал оған не себеп болғанын анықтауға кірісті.
Нұрхат ҚАЛДЫБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Болжам бойынша өрттің шығу себебі газ баллонының жарылуы. Ол газ баллон үйдің ішінде болған өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы болып саналады. Далада күн салқын, суықтан үйге кіргізген перепад давление суықтан жылыға келгеннен болуы мүмкін.
Айта кету керек, жер үйге табиғи көгілдір отын тартылған. Жарылысқа себеп болған бес литрлік газ баллонын үйге неге әкелінгені әзір белгісіз. Оны құзырлылар анықтауға кірісті. Көршілердің айтуынша, бұл үйге жас отбасы былтыр ғана, жаңадан қоныстанған. Тірнектеп жиған тергеніне баспана тұрғызған отбасыға көмектесу үшін, еріктілер әлеуметтік желі арқылы қаражат жинауды бастап кетті.
Б. Рахметова