Русский Сайттың толық нұсқасы

Жер-жерден «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезіне келетін делегаттар анықталуда

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2020
  • 2133

Ел аумағында «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ Съезіне қатысатын делегаттар анықталуда. Бұл жолы - праймериздің арқасында - партиялық тізім әлдеқайда «жасарып», құрамы да жаңарып отыр. Мысалы, топ жарған үміткерлердің арасында қарапайым дәрігерлер мен мұғалімдер, тіпті мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Нұротандықтар үміткерлердің бәріне тең мүмкіндік берілді дейді.

Алматы облысынан Парламент Мәжілісінің депутаттығынан 26 үміткер тіркелген. 8-і топ жарып, партияның Съезіне жолдама алды. Олардың арасында қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар бар. Аймақтық конференцияда партиялықтар Саяси Кеңес құрамын жаңадан сайлап, алдағы сайлауға дайындық қамын пысықтады.

Қырмызы ЖАҢБЫРШИНА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 
Менің ойымша бүгінгі таңда біздің бүкіл Қазақстан бойынша жаңағы ғаламтордан көріп, оқып отырмыз. Біздің өңірімізде де жаңа адамдар осы партияға келіп, өздерінің күш-жігерін, қажыр-қайраттарын, білімдерін, еңбек тәжірибелерін осы халықтың игілігіне жұмсайды деп ойлаймын.

Аймақтық конференцияға қатысқан қостанайлық 150 делегат та «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өз таңдауын жасады. Осылайша ең көп дауыс жинаған 4 адам Мәжілістегі партиялық тізімге үміткер ретінде ілікті.

Жалпы өңірлердегі кандидаттардың жас құрамы ғана емес, кәсібі де әр алуан. Тіпті қарапайым мұғалімдер мен дәрігерлер де бар. Праймериз солардың бәріне тең мүмкіндік берді. Ал халық өкілдері әлеуметтік түйткілді шешуге ұмтылары анық.

Сәкен ӘМРИН, СҚО М.ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Білікті мамандарды ауданға тарту үшін олардың жалақысы 25 пайызға артады. Сондай-ақ, қосымша жеңілдіктер беріледі. Біз тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтуға мейілінше тырысып отырмыз. Осыған дейін өкпені жасанды желдетудің үш құрылғысы болса, бүгін оның саны тоғызға жетті. Бұл орайда партияның ықпалы зор. Осындай жиындарда бұл мәселелер әрдайым көтеріліп отырады.

Депутаттыққа үміткерлердің орташа жасы бұрын 53 болса, қазір 46 жас шамасында. Олар әр саланың өкілдері: білім мен мәдениет, ауыл шаруашылығы, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік басқару саласы, тіпті мүмкіндігі шектеулі мүгедектер де бар.

Мұрат МҰҚАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БҚО ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

«Nur Otan» партиясының қағидаты «Мықты лидерлер – мықты партия!» жүзеге асты деп айтуға болады толық. Сол себептен жаңа тізіммен жаңа өзгерістермен біз алдағы сайлауға түсетін боламыз.

Бір ғана Батыс Қазақстан облысында праймеризге қатысушы қыз-келіншектердің саны үш есеге, ал жастардың қатары 6 есеге өскен. Жиналғандар бұл партияішілік іріктеу – барша қатысушыларға тең мүмкіндік бергенінің дәлелі деді.

Е. Карин, А. Құрманкин, А. Кемелжан, З. Санай