Көпшіліктің көкейінде жүрген Бозжыра жырына нүкте қойылған сияқты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, аталған шатқалға қонақ үй салу мәселесін қайта қарауды тапсырды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, мұны өзінің facebook-тегі парақшасында жариялады.
Берік УӘЛИ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Жақында "Бозжыра" табиғи қорығының жанынан қонақ үй салу жобасы ұсынылды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қорықтың айналасындағы туризм, табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл ерекше табиғат қорығына орасан зиянын тигізуде. Президент экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Ол үшін қажетті инфрақұрылым, ең алдымен, жайлы қонақүйлер қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке қонақүй салу жобасын қайта қарауды тапсырды. Бірақ, бұл жоба осымен тоқтайды дегенді білдірмейді.
Естеріңізге сала кетейін, қарашаның 7 күні желіде Бозжыра шатқалында ерекше қонақүй салынады деген хабар тараған болатын. Артынша бұл тақырыпты әлеуметтік желіде қызу талқыға салды. Тіпті экологтарда бей-жай қарай алмады. Тәуелсіз табиғат қорғаушыларының айтуынша, мұндай шешімді жергілікті шенеуніктер өз бетінше қабылдауы мүмкін. Мемлекет басшысының араласуымен енді қорыққа қонақ үй салынбайды, деп үміттенеміз деді эколог Кирилл Осин.
Кирилл ОСИН, "ЭКО МАҢҒЫСТАУ" ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бір жағынан бұл жанжалға Президенттің бей-жай қарамағаны қуантады. Екінші жағынан жергілікті атқару органдары шешетін мәселенің осындай деңгейге жеткендігі қынжылтады. Қалай болғанымен қонақ үй салынбайды деп үміттенемін.
Д. Мұхаммедкәрім