Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО тұрғындары суды қарызға сұрап ішіп отыр

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2020
  • 2127

Батыс Қазақстан облысындағы Зеленое ауылы тұрғындарының тіршілік нәрінен тарыққаны соншалық, бір-бірінен қарызға су сұрап ішуге мәжбүр. Тіпті литрлеп сатылатын ауыз суды кейде ақшаға таппай қиналатын кездері де болады екен. Ал мамандар мұны Жайық өзенінің тартылуымен байланыстырады. Мәселені реттеу үшін мемлекетаралық комиссия құрылуы тиіс. Бірақ аймақ атқамінерлері бұған асығар емес.

Лида Бершінбаеваның екі апта бұрын сатып алған суы бүгін бітті. Су таситын көлік келмесе, кешкі асқа суды қайдан алатынын білмей басы қатты. Енді көршілеріне қолқа салып, қарызға су сұраудан басқа амал жоқ дейді.

Лида БЕРШІНБАЕВА, ЗЕЛЕНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Суды сатып алып ішкенде 14 күнге жетпесе, көршілерден қарызға сұрап аламыз. Құдық соқтық, құдықтан топырақ аралас су шығады. Ащы су. Салқындай нормально болады да, жылып кеткенде ол су мүлдем ащы болып кетеді. Оны ішу, ыдыс жуу мүмкін емес. Ыдыс жууға болады, кір жусаң кір қатып қалады. Қақ болып қалады ғой, топырағымен.


Ауылдықтар асыға күткен су таситын көлік түске таман жетті. Үш мыңға тарта тұрғынды телмірткен ескі көліктің де тозығы жеткен. Әсіресе қыста жиі бұзылады да, келуі сирейтін көрінеді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Ауылдықтар су таситын көлікті асыға күтеді. Өйткені бұл көлік ауылға он күнде бір рет келеді. Сондықтан осы уақытқа дейін тарықпау үшін суды мол етіп алып қалуға тырысады.

Суға мұқтаж мұндай ауылдарға ел қазынасынан қомақты қаржы бөлінеді. Бір текшеметр судың құны 300-500 теңге аралығында. Бірақ суды пайдалану көлемі жыл сайын ұлғайып отыр. Ал субсидияны арттыруға қол қысқа.

Бейімбет МУСИН, БҚО ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Биыл біз 32 елді мекенге сумен қамту үшін субсидия сұрап, өтініш бердік. Бірақ ұсынысымыз қолдау таппады. Бұл өтінішті алдағы жылы да береміз. Осылайша суға мұқтаж ауылдарды көбірек қамтып, ауыз суға берілер демеуақыны көбейтеміз деген үміттеміз.


Қазір ауыл ғана емес, қала да судан тарыққан. Тығырықтан шығу үшін бағасы 2,8 миллиард теңге тұратын жүзбелі насос стансасын орнату қолға алынған. Әзірге жобалық-сметалық құжаттар ғана жасалыпты. Мамандардың сөзінше, бұл қондырғы Жайық өзенінің суын жасанды каналдарға бұрады.

Ринат ШӘУЕНОВ, БҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жайық өзенінің қазіргі жағдайына байланысты арнайы бағдарлама жасалып, бекітілді. Бұл жобада атқарылатын жұмыстар мен жауапты тұлғалар және мерзімі көрсетілген. Яғни Қазақстан мен Ресей бірігіп, Жайық өзенінің жағдайын зерттейтін арнайы топ құрылуы керек. Бұдан кейін қаржы көзі іздестіріледі.


Жайықтың суалуы мұң екен, облыстағы ірілі-ұсақты өзен-көлдер де құрғап қалды. Әсіресе оңтүстіктегі аудандардың жағдайы мүшкіл. Су болмағасын, шөп те бітік шықпады. Ал күні-түні далада жүретін жылқылар суы тартылған өзен-көлдерге батып, арам өлуде. Осылайша арнасы кепкен өзен-көлдер өлексе тастайын орынға айналып жатыр. Жайықты құтқаруды көздеген бағдарлама 1 жырым айда бекітілуі тиіс. Әйтпесе өзенінің жағасы тарылып, өзі тақыр жерге айналар күні де алыс емес.

Е. Карин