Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістандық көпбалалы ана әкімдік берген пәтеріне кіре алмай жүр

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2020
  • 2088

Түркістандағы көпбалалы ананың өзіне берілген баспанасына кіре алмай жүргеніне жылдан асты. Алты баласымен жалдамалы пәтер жағалап жүрген Халима Қаюмова, қалалық Тұрғын үй қатынастары бөліміндегі алаяқ маманның құрбаны. Өйткені әкімдіктегілер 37 пәтерді заңсыз үлестіріпті. Мұны прокуратура анықтаған. Жалғызбасты ананың жыр болған баспана мәселесін әріптестерім, бұған дейін де көтерген еді. Таласқа түскен пәтерді сот көпбалалы отбасының пайдасына шешіп бергенімен, әлі күнге орындалмай келеді.

Халима Қаюмова қолы қалт етсе әкімдіктегі тұрғын үй қатынастары бөліміне бет алады. Өзіне берілген баспанасын, талап етіп жүр. Заң бойынша 2017-ші жылы берілген пәтеріне, кіре алар емес. Қазір 6 баласымен жалдамалы баспананы паналап отыр. Ашынған ана соттың шешімін орындауға құзырлылар да құлықсыз деді.

Халима ҚАЮМОВА,  ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Мен барып біреудің үйін есігін тақылдатып, босатып бер деп жатқан жоқпын. Үкіметке заңды түрде очередке тұрып алған берілген үйді талап етіп аяғым тозып кетті уже. Қазір білесіз, қысты күні, бала-шаға бәрі үйде, жалғыз өзім болғаннан кейін ешқайсысына жеткізе алмаймын.

Көп балалы бұл отбасы 2013-те баспана кезегіне тұрған. Былтыр кезегін білуге барса, әкімдегілер оған 2 жыл бұрын 3 бөлмелі пәтер беріліп қойғанын хабарлайды. Мекен-жай бойынша іздеп барған заңды пәтерінде, басқа отбасы тұрып жатқанын да анықтаған. Баспананы 3 млн теңгеге сатылып кеткен. Арада сот өтіп, іс Қоюмованың пайдасына шешілді. Тұрғын үй қатынастары бөліміндегілер мәселенің сиырқұйымшақталып кеткенін, елдегі карантинмен байланыстырды.

Әбутәліп АСАНОВ, ТҮРКІСТАН қ. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:


Өткен аптада осы соттың шешімін орындау бойынша сот орындаушылар барып осы Ыбыраеваны пәтерден босатып, заңды пәтер иесі Қаюмова Халиманы орналастыру бойынша соттың шешімін орындау жөнінде жұмыстар атқарылған болатын. Ол жерде Ибраева заңсыз пәтер иемденуші Ибраева Ғазиза міндеттеме берді, қарашаға 25-не дейін босатып беру жөнінде.

Тұрғын үй қатынастары бөлімі арқылы заңсыз беріліп кеткен баспана аймақта бұл ғана емес. Бөлімнің бұрынғы маманы ұзын саны 37 пәтерді заңсыз үлестіріпті. Бұл дерек шағымданған тоғыз адамның арызы негізінде анықталып отыр деді прокуратура. Кезектегі мұқтаж отбасыларды «кезегің келмеді» деп алдап қайтарған маман алаяқтық дерегімен күдікке ілікті.

Олжас ОРЫНБАСАРҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:


1,5 млн мен 3 млн теңгенің арасындағы яғни сыйақыны алғандығы, ол азаматшалардың нақты осы азаматқа бергендігі қылмыстық істің құжаттарымен толығымен дәлелденіп отыр. Осыған байланысты Түркістан қаласының прокуратурасы аталған қылмыстық іс бойынша процестік баға беріп, оны Түркістан қаласының сотына ақ-қарасын шешіп беру үшін қазіргі таңда жолданып отыр.

Прокурорлардың мәліметінше 37 пәтердің 35-і бүгінде заңды иесіне қайтарылыпты. Енді қалған екі пәтерді мәжбүрлеп босату бойынша жұмыс жүріп жатқанын мәлім етті. Соның бірі көпбалалы ана Халима Қаюмованың баспанасы.

А. Төребекқызы