Русский Сайттың толық нұсқасы

«АтырауМұнайМаш» зауытында заманауи торлы төсем және ыстық мырыштау цехы іске қосылды

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2020
  • 2559

Отандық «АтырауМұнайМаш» кәсіпорыны өндірістік қуатын еселеді. Зауытта заманауи, торлы төсем және ыстық мырыштау цехы іске қосылды. Айына 2 000 тоннадан астам өнім шығарып отырған зауыт жұмысы бірнеше есеге ұлғайды. Яғни, пандемияға қарамастан жұмысшылар саны да артты. Жаңадан іске қосылған екі цехта - қоғамдық тамақтандыру саласынан бастап, құрылыс, ауыл-шаруашылығы, энергетика мен мұнай-газ және тау-кен өндірісіне қажетті мырышталған болат жабдықтар шығарылады. Атырауда жасалған құрылғылардың өрт қауіпсіздігі жоғары әрі табиғи таза. Жобаға индустриалды-инновациялық даму  бағдарламасы аясында, «Бәйтерек»  Холдингіне қарасты «Қазақстан даму банкі» қаржылай қолдау көрсеткен.

Думан ӘУБӘКІРОВ, «ҚАЗАҚСТАН ДАМУ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жоба құны 15 миллиард 200 миллион теңге.  Оның 9,5 миллиардын Қазақстан даму банкі қаржыландырды. «АтырауМұнайМаш» өз саласының көшбасшысы.  Кәсіпорын мұнай-газ, металлургия, энергетика өнеркәсібіне арналған жабдықтар шығарады.


Торлы төсемдер жасау цехын «АтырауМұнайМаш» елді бірінші болып қолға алды. Әмбебап торлар сапасы жағынан халықаралық талаптарға сай дайындалады. Мұнда, кез-келген күрделі конфигурациялық торлар мырышталады. Америкалық технология бойынша, жылына 60 мың тонна өнім шығарылады. Химиялық өңдеуге арналған шикізат Германиядан алынса, мырыштың өзі – отандық.  Бүгінде зауытта 350 адам еңбек етеді. Оның басым көпшілігі шетелдік оқу орталықтарында білімін шыңдаған жергілікті жұмысшылар. Өндіріс толықтай автоматтандырылған. Зауыттан шыққан өнім алыс-жақын елдерге экспортталады. Өнімге тапсырыс беріп отырған елдер ішінде көрші Ресей Федерациясы бар.

Гаухар ЖЕКСЕМАЛИЕВА, «ANACO» ЖШС ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:


Біздің басты тапсырыс берушілер арасында - мұнай-газ саласындағы «Теңізшевроил», «Қарашығанақ Петролиум», НСОС секілді ірі кәсіпорындар бар.  Болашақта экспортты кеңейту жоспарда бар. Қазірдің өзінде  завод Германияның екі тапсырысын орындауда. Үшіншісімен келісімге кеп жатырмыз.

Б. Нәдірқызы