Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда жетімдердің үй-күйсіз жүргеніне 13 жыл болды

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2020
  • 2441

"Жетім көрсең - жебей жүр". Бұл сөз, өзектілігін жоғалтқан сияқты. Павлодарда жетімдер үйінің түлектері пәтер кезегі жылжымайды - деп шу көтерді. Араларында үй алу кезегінде 13 жыл тұрғандар бар. Әкімдіктің табалдырығын тоздырып болған жетімдер, арнамыздан көмек сұрады. Өзгеріс Қуанар тақырыпты зерттеп көрді.

Таисия Дудареваның - Үкіметтің уәдесін күткеніне 12 жылдан асты. Ата-анасынан ерте айырылған ол жетімдер үйінде өскен. Кейін тұрмыс құрып, 2 бала сүйіпті. Күйеуімен дәм-тұзы жараспай, ажырасып кеткен. Барар жері, басар тауы қалмаған жас ана қазір «аналар» үйін паналап жүр.

Таисия ДУДАРЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жыл сайын үй кезегіне құжаттарымды жаңартамын. Кезектің алға жүретін түрі жоқ. 273-ші кезекте тұрмын. Барар жерім қалмады. Ескі үй болса да, үй беріңіздерші - деп өтініш жасадым. Жауап жоқ әлі. Пәтер  жалдауға шамам келмейді. Екі баламен жұмыста істей алмаймын. Жағдайым өте қиын.

Дарья Страшконың да тағдыры Таисияға ұқсас. Кезекте тұрғанына 13 жыл болды. Жетімдер үйінің түлегі. Екі баласын жетектеп ол да, талай үйді жағалады. Өзі болса қатерлі обыр дертіне шалдыққан.

Дарья СТРАШКО, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Әр түн сайын жатар алдында  өз үйім болса ғой - деп армандаймын. Бірақ, әзірге бұл мүмкін емес секілді. Ауру болса, асқынып барады.  Бірақ, өмір сүргім келеді. 2 балам үшін алаңдаймын.  Ал  үйдің кезегі келер емес. 142-ші орында тұрмын. Әкімдік жыл сайын келесі жылы аласың - деп құр уәдемен шығарып салады. Өстіп жүріп, өліп кетпесем жарар еді.


Әкімдіктің жауабы сол баяғы... Бәрі құжатқа келіп тіреледі. Заң бойынша жаңадан салынған үйлердің 20 пайызы жетімдерге бөлінеді екен. Ал, тұрғын үй құрылысы болса Павлодарда өте баяу жүріп жатыр.

Ақерке ЕЛАМАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ҚАРЖЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:


Мысалы, жылына 2-3 үй салынатынтын болса, онда кезек те жылдамырақ келеді. Ал егер жылына 1 үй салынса онда жетім санатындағылар күтуі керек. Сондықтан, аталған адамдардың кезегі қашан келетінін нақты айта алмаймын. Пәтерді қашан алатыны, қаладағы салынып жатқан үйлердің санына байланысты.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:


Қазір Павлодар қаласында үйге мұқтаж 15 мыңнан астам адам бар. Олардың 2 жарым мыңын жетімдер санаты құрайды. Олар қашан пәтер алады? Бұл сұраққа шенеуніктер мардымды жауап қатпады. "Сабырлық танытып, күтіңіздер" дегеннен басқа ештеңе айта алмай отыр.

Ө. Қуанар