Елде екінші деңгейлі 3 банк шығынға ұшырап отыр. Шығынның жалпы сомасы шамамен 46 миллиард теңгені құрайды. Жыл басынан бері барлық екінші деңгейлі банктердің табысы 670 миллиардқа жеткен. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 34 пайызға жоғары. Тіпті банк секторы активтерінің рентабельдігі де көбейген. Алайда, қап әттеген-ай дейтін тұстар да бар. Ұлттық Банк өкілдерінің хабарлауынша, позитивті сандарға қарамай, «Нұрбанк», AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan айтарлықтай шығынға ұшырапты. Бұған бастысы себеп, кредиттік шығындар бойынша банк шығыстарының ұлғаюы,-деді мамандар. Ал, «Нұрбанк» басшылғы мұны қалыпты жағдай деп отыр. Тіпті келер жылы, бұл олқылықтың орнын толтыру қиынға соқпайтынын жеткізді.
«НҰРБАНК» АҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Сәуір айында Банк 46,8 млрд. теңге сомасына реттелген облигацияларды орналастырды, олардың өтеу мерзімі 15 жылды құрайды. Бұл қаражат экономиканың нақты секторын несиелендіруге және қолдауға бағытталған. Сондай-ақ, 2020 жылдың мамыр айында банктің ірі акционері 20 млрд теңге шамасында банкті қосымша капиталдандыруды аяқтады. Сондықтан, Банк басшылығы нарықтың басқа қатысушыларымен бірігуді жоспарламайды.
Банк басшылығы ешқандай күрделі меселе жоқ десе, Ұлттық банк, аталған қаржы институттарының жағдайы қиын, деп отыр. Жыл басынан бері AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan нормативтерді орындамаған көрінеді. Ал олардың келешегі қалай болады деген сауал әзірге жауапсыз.
Ғ.Өтемісов