Қашықтықтан оқимыз деп, қара қаны шыққан оқушылар ғана емес, студенттер де бар. Бүгін редакциямызға Алматыдағы белді университет шәкірті хабарласты. Карантин деген соң туған жері Шымкентке барып, онлайн білім алып жүр. Бірақ білім деуге келе ме? Интернеттің нашарлығына байланысты Zoom-ға кірудің өзі қиын дейді. Апайдан ұрыс, үлгерім бұрыс болып кеткен.
Дәулет ЕСЕНГЕЛДІ, СТУДЕНТ:
Zoom-да ағай-апайларға интернетіміз нашар, бізге сәл түсіністікпен қараңыздар десек: «бізге ол проблема емес» дейді. Түрлі абоненттерге, «Қазақтелекомға» хабарластым. Бірақ олар бірден 1-2 жылда бірақ келеді дейді.
Интернет мәселесі Пандемия басталғалы бірнеше рет біздің арнада көтерілді. Тиісті министрлік бұл мәселені әлі күнге толық шеше алмай келеді. Біз бүгін жоғарғы оқу орнына хабарласып көрдік. Қазір бізбен байланыста университеттегі оқу үдерісін жоспарлау басқармасының бастығы Нұрлан Байғараев бар. Нұрлан Алиұлы, қайырлы кеш! Ауылына барып, интернетпен білім ала алмай жүрген студенттер жатақханада жатып оқуына бола ма? Ол жер интернетпен жабдықталған ғой?
Нұрлан БАЙҒАРАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚУ ҮДЕРІСІН ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Жалпы коронавирус пандемиясы кезінде студенттердің барлығы қашықтан білім алып жатыр. Егер де ауылдық жерлерде интернет мәселесі түбегейлі шешілмеген болса, білім алушыларға жатақханада жатып оқу жағдайын қарастырып жатырмыз. Жатақхананың әр бөлмесінде WI-FI бар.
Бізге хабарласқан Дәулет студенттің проблемасын шеше аласыз ба?
Нұрлан БАЙҒАРАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚУ ҮДЕРІСІН ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Бұл студентпен байланыстамыз. Шешімін табамыз. Өткен аптаның аяғына дейін Алматыда жатып оқыған, қазір ауылында. Интернет мәселесі шешілмесе университет деңгейінде мәселесін шешілуде.
Мұндай студенттер көп қой. Олардың жағдайы қалай болады?
Нұрлан БАЙҒАРАЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚУ ҮДЕРІСІН ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Осындай жағдай туындаған кезде университетте әр факультетке, әрбір студентке бекітілген эдвайзер бар. Солар арқылы өздерінің арыз-шағымдарын білдіреді. Кейін ол факультетке түсіп, университеттік комиссия деңгейінде қаралып, шешімін тауып жатыр.
Жақсы, сұхбатыңызға рақмет! Қымбатты көрермен, сізді де толғандырған мәселе болса экранда көрсетілген нөмірге хабарласыңыз. Хат жазыңыз, аудио немесе видео жолдаңыз. Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз.
Ә. Өмірзақ