Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада өрттің кесірінен Beeline абоненттері интернетсіз қалды

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2017
  • 2455

Елордада тілсіз жаудың  кесірінен Beeline абоненттері интернетсіз қалды. Өткен түні Астана көшелерінің бірінде орналасқан "Драфт" дәмханасында өрт шыққан. Салдарынан "Өркен" бизнес-орталығы ғимаратында орналасқан Beeline компаниясының құрылғыларына зақым келді.

Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, тілсіз жауды ауыздықтауға 90 өрт сөндіруші маман мен 27 арнайы техника жұмылдырылды. Өрт 400 шаршы метр аумақты шарпып өткен. 40 адам эвакуацияланды, абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Ал осы ғимаратқа жапсарлас Beeline компаниясы желілерінің орталық торабы орналасқан. Өрт шыққан соң электр желісі өшіп, астаналықтар біраз уақытқа ғаламторсыз қалды. «Beeline Қазақстан» компаниясы өкілінің айтуынша, жүйені толық қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. 

Алексей Бендзь, «Beeline Қазақстан» компаниясы корпоративтік коммуникация саласының директоры:

Қазіргі таңда қосымша құрылғыларды қостық. Барлық сервистердің жұмысы жаңартылды. Жүйе қалыпқа келді. Ғимарат электр жүйелеріне толық қосылғанша, біз барлығын бақылап отырамыз.