Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбелік әйел балаларына тамақ тауып беру үшін қоқыс жәшіктерін аралап жүр

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2017
  • 2750

Ақтөбелік әйел балаларына тамақ тауып беру үшін қоқыс жәшіктерін аралап жүр. Ол мұндай қадамға жоқшылықтың кесірінен барған. Кішкене екі сәбиімен бірге саяжай аумағындағы үйшікті паналап отырған 26 жастағы анаға баспананың ақысын төлеу де оңайға соқпаған. Қамкөңіл ана мен балалардың тіршілігін әріптесім Жақсыбек Кемал көріп қайтты. 

Олеся бұл шағын үйшікке сәуірде көшіп келген. Оған дейін жалдамалы пәтерлерді жағалап жүріпті. Балалары дүниеге келгенше әр жерде жұмыс істеп күнелткен. Ал, сәбилі болған соң жоқшылық қыспаққа алғанын айтады. Тіпті, көшеге шығып, қайыр сұраған да кезі болған.

Олеся Летавская, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Өткен жылы өте қатты қиналдық. Үш ай бойы тұратын жерім болмады, жейтін тамақ табылмады. Жағдайымның ауыр болғаны сонша, балаларымнан бас тартсам ба деген ой келді.

Келіншек бүгінде өзінен 11 жас үлкен азаматпен бас қосқан. Алайда, күйеуі науқас болғандықтан, жұмысқа орналаса алмай жүрген көрінеді. Олеся балаларын асырау үшін қоқыс жәшіктерін аралап, металл сынықтарын жинаған. Оны өткізіп, азын аулақ қаражатқа баспана ақысын төлейді, кей күндері балаларға тамақ алады. Мұндағы тұрмысқа қажетті заттар мен ойыншықтардың барлығы да қоқыстан жиналып алынған. 

Когда  мы  сюда  въехали,  здесь ничего не было. Стены были вот такие…серые. Игрушки нашли, вот это все нашли, подушки, потом  столик  для  кормления.

Олесяның жағдайынан жергілікті әкімдік өкілдері хабардар.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары кішкентай Кирилл 1 жасқа толғанша бұл әйел мемлекеттен жәрдемақы алып тұрған дейді. Енді келесі айдан бастап оған бір жолғы атаулы әлеуметтік көмек ретінде 60 мың теңгедей жәрдемақы, ал одан кейін ай сайын екі балаға 3 019 теңге жәрдемақы тиесілі екен.

Мейіржан Қарақов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

Олеся Александровна Летавская тұрғылықты мекенжайға 12 сентябрьде тіркелген. 15 сентябрь күні 18 жасқа толмаған балалар жәрдемақысын өмірлік қиын жағдайларға байланысты комиссияға қарауға және атаулы әлеуметтік көмек мекенжайы бойынша тапсырылған. Құжат тапсырды. Келесі айда осы өткен ай үшін көмектерін алатын болады. Мысалы, 60-70 мың шамасы.

Олеся мен оның кішкентай балаларына қазір еріктілер ғана көмектесіп жүр. Олар азық-түлік пен киім әкеліп, қысқа отын жинауға да жәрдемдескен. Жақын туысы да жоқ әйелдің үшінші баласына аяғы ауыр. Жергілікті билік тұрақты жұмыс табуыма көмектессе, ақырындап қиындықтар ұмытылар еді, дейді.

Жақсыбек КЕМАЛ