Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкент тұрғыны "тұтынбаған жылу қызметі үшін төлем талап етті" деп отыр

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2017
  • 2969

Пайдаланбаған қызмет үшін төлем талап етті. Шымкент тұрғыны жылумен қамтамасыз ету қызметінен "қарызды өтеу қажеттігі ескертілген" хабарлама алғанын айтады. Дастан Башировтың сөзінше, Нұрсәт-3 шағын ауданындағы №19 үйге отбасымен тек шілденің ортасында қоныстанған. Өзім тұтынбаған жылуға қалайша ақы төлеймін деп аң-таң. Кейіннен ол түбіртектің «ыстық су» үшін келгенін біледі. Бірақ бұл да қисынсыз дейді. Өйткені ыстық су бұл көпқабатты үйге тек 26-тамыздан бастап берілген. Соған қарамастан, төрт тәулікке 1750 теңге келгеніне таңданысын жасыра алмады. Айтуынша, өзі тұратын 54 пәтерлі көпқабатты үйдегі көршілері де осы мәселені түсіне алмай жүрген көрінеді.

Дастан Баширов, Шымкент қаласының тұрғыны:

Жаздың күнге мен қандай жылуға ақша төлеуім керек?! Мына жерде жазылып қойған, жылумен қамтамасыз ету ақысын өтеу керектігі деп. Бұл жағдай енді, мысалы, көп тұрғындар осындай көбісі былайша төлей салады. Анық-қанығына жетпейді оның. Мен сол осындай мекемелерге сабақ болса деймін. Ақшасын төлеуден қашып тұрған жоқпын.

Ал «Қуатжылуорталық-3» мекемесіндегілер бұл жерде алаңдауға негіз жоқ дейді. Айтуларынша, қолданысқа берілгеніне көп бола қоймаған үйлерде ыстық су жылумен қамтамасыз ету қызметі есебіне кіреді дегенді айтты. Өйткені ыстық су жертөледегі жылу алмастырғыш құралдардың көмегі арқылы алынады. Ал баға ортақ есептеуіш бойынша тұрғындарға теңдей бөлінеді. Негізгі кінәрат осыдан кеткен. Ол шешілетін мәселе дегенді  айтты. Ал тұтынбадым деген тұрғындар нақты дәлел келтірген жағдайда қарызы алынып тасталады.

Асқар Бөлешов, «Қуатжылуорталық-3» МКК бөлім басшысы:

Жалпы  есептеуіш құралы арқылы жүргізілетін себептерінің бірі - мердігер бізге пәтер ішіне қойылатын есептеуіштерді өте кеш алып келіп жатыр. Сондықтан орталық жылу есептеуіш құрал арқылы жүргізіліп отырды осы таңға дейін. Ендігі кезде пәтерішілік  есептеуіштер арқылы жүргізілетін болады, әркімдікі жеке.