Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбелік жетімдер жиырма жылдан бері баспана ала алмай жүр

  • AstanaTV
  • 03 желтоқсан 2020
  • 1531

Ақтөбелік жетімдер жиырма жылдан бері баспана кезегін күтіп жүр. Инна Бондарь жетімдер үйінен шыққалы осынша уақыт өткен. Қазір көпбалалы ана, жалдамалы баспананы жиі ауыстырады. Азын аулақ тапқаны бөлме жалдауға кететіндіктен, кей кездері ішер асқа қаражат жетпей қалатынын мойындайды. Мұндай мұқтаждар аймақта аз емес. Әріптесім Бақыт Рахметова, баспана кезегі қалай жылжып жатқанын анықтап көрді.

Инна Бондарь 2010-шы жылы пәтер кезегіне тұрған. Қазір 7 баласы бар. Отағасымен бірге соларды аяғынан тұрғызуды мақсат еткен. Өз үйі болғанын армандаудан қалған. Өйткені бұл санаттағылардың пәтер кезегі баяу жылжып жатқанына налиды.

Инна БОНДАРЬ, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
 
Пәтер кезегіне 447-ші болып тұрдым, 10 жыл бұрын. Биыл жылдың басында барып тексергенімде 273-ші болып тұр екенмін. Талай адамға кірдім, сұрадым, неге ақырын жылжиды деп.  Бәрінің айтатыны біреу - "сендер көпсіңдер, бәріңе керек екенін білеміз, бірақ амал жоқ кезектеріңді күтесіңдер"- дейді.

Жергілікті атқамінерлердің дерегінше, аймақта жалпы саны 24 мың адам үй алуға тіркелген. Оның тең жартысы әлеуеті төмен отбасылар. Көпбалалы Манғұровтар әулеті де кезегін күтумен жылдар өтіп жатқанын айтты. Олар Ақтөбеге төрт жыл бұрын, көшіп келген. Бірақ жаңа жерде жұмыс табу оңай болмапты. Отағасы дүкенде жүк тасып азын аулақ табыс табады. Ал отанасы жеті баланың күтімін мойнына алған. Оның екеуі туғаннан мүгедек.

Гүлшат МАНҒҰРОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
 
Көбіне бізге мектеп көмек көрсетеді. Оқу құралдарын алуға, тіпті сұрасақ балаларға қыстық аяқ киім де алып береді. Көмекті тек солардан аламыз.

Бұл отбасы мүгедек бала тәрбиелеп отырғандардың санаты бойынша баспана алуға кезекке тұрған. Әкімдіктегілер бүгінде бұл топта он мыңнан астам адам бар деді. Сондықтан Манғұровтардың қашан үйлі болатынын олар да айта алар емес.   

Жандос ӘЛІМОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Біз бұл кісіге сол көп балалы аналар санатына өтуге кеңес береміз. Себебі бұл санатта 2029 азамат кезекте тұр. Ал Манғұрова Гүлшаттың кезегі қазір сегіз мыңыншы болып тұр. Егер де Манғұрова санатын өзгертсе, онда 2030 болып, алты мыңға жуық адамның алдына өтіп кетеді.


Шенеуніктер осы айдың соңына дейін баспана кезегіндегі 350 адамды қамтимыз деді. Бәрі заң аясында, яғни кезекке сай беріледі деп отыр. Сондықтан әлі сарыла күтуден басқа амал көрінбей тұр.  

Б. Рахметова