Алматыда мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы сын көтермейді. Соның бірі «Ескі үйлерді сүру» жобасы аясында, тұрғызылған тоғыз қабатты баспана. Шыдамы таусылған тұрғындар бүгін жиналып, құрылысшылардың жұмысын сынға алды. Сыртында сызаты жоқ нысанның, іші қирап, едендері жарылып кеткен.
Жарылған еден, қираған құбыр – бұл Алматыдағы мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерде жиі кездесетін құбылыс. Алты жыл бұрын пайдалануға берілген баспана қазір күрделі жөндеуді талап етеді. Өйткені, еден астымен жүргізілген су құбыры тұрғындардың тыныштығын алған. Роза Есенқұлова ескі үйін жаңа пәтерге ауыстырғандардың бірі. Қайта-қайта жарылған құбырдың кесірінен жарты миллион теңге шығынданыпты.
Роза ЕСЕНҚҰЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біздің еденнің астындағы трубалардың сапасы өте нашар. Жұрттың бәрі көріп біледі. Осы үйдің ішінде отызға жуық пәтердің трубалары жарылып, ауыстырып жатыр. Сол трубалардың сапасы өте-өте жаман.
Ғаби НҰРӘДІЛ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Төбеден әрқашан да су ағады. Содан кейін кіре-берістен ағады. Барлық жақтан ағады. Көрші жақтан ағады. Өзі негізі коммуникациясы түсініксіз. Осы бірінші, екінші қабатта сумен басып қалмаған пәтер жоқ шығар, деп ойламын.
Алты жылдан бері жарылып, жамау болып кеткен құбыр бүгінге дейін отыз пәтердің қожайынын шығынға батырған. Сапасыз желілерді төсеген мердігер мекеме, көпқабатты үйдің кепілдік мерзімі біткенін желеу етті. Ендігі жауапкершілік тұрғындардың өзінде дейді.
Қанат ҚАЙРАТҰЛЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ КҮРДЕЛІ ҚҰРЫЛЫС КӘСІПОРНЫ ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Бұл үй пайдалануға берілгеніне алты жылдан асты. Екі жыл бойы кепілдік бойынша кемшіліктерді жөндеп бердік. Әрі қарай пәтер иелері коперативінің жауапкершілігінде. Қазір біздің мамандар үйді тексеруге кетті. Солардың жұмысынан кейін комиссиямен шешім қабылдаймыз.
Пәтер иелері коперативінің айтуынша, мердігерлер сапасыз құбыр төсеген және ешқандай техникалық талапты сақтамаған. Үнемі жарылатын құбырдың кесірінен үйдің қабырғасына да сызат түскен.
Самат МАХОВ, ПӘТЕР ИЕЛЕРІ КОПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мердігер мекемеге су және жылу құбырларының сапасы нашар екенін айтып хат жазғанбыз. Олардың кепілдік мерзімі біткенге дейін созып жүрді де, уақыт өткен соң өздерің біліңдер, деп жауап берді.
Шығынға батып, жиі жарылатын құбырдан мезі болған тұрғындар мердігерді жауапқа тартпақ. Сапасыз құбырларды ауыстырып, шығынды өтеуін талап етіп, сотқа жүгінуге бел буды.
А. Кемелжан