Русский Сайттың толық нұсқасы

Қордай ісі бойынша 51 адам айыпталуда

  • AstanaTV
  • 03 желтоқсан 2020
  • 2027

Таразда "Қордайдағы қақтығысқа" қатысты сот отырысы басталды. Сот тергеу изоляторында өтіп жатыр. 400 томнан тұратын іс бойынша 51 адам айыпталуда. Оның 33-і арнайы жасақпен әкелінді. Негізінен «Жаппай тәртіпсіздік», «Қаруды мен оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды заңсыз иемдену, сақтау», «Қорқытып алу», «Қарақшылық» секілді баптар бойынша айыптар тағылып отыр. Жыл басында болған Қордайдағы тәртіпсіздік салдарынан 11 адам қаза тапқан болатын. Олардан бөлек жүзден аса адам дене жарақаттарын алған еді. Тәртіпсіздіктен соң 120 қылмыстық іс қозғалды. Бірнеше адам қамалды.

Бүгін таңнен бері сот өтіп жатқан тергеу изоляторы маңында көлік қозғалысына шектеу қойылған. Абақтының алдына ауыр техникалар қойылыпты. Адам қарасы қалың. Тергеу абақтысының екі бірдей залы толды. Судья процестің ашық өтетінін жариялады. Тек қатысушыларда ПТР сынамасы болуын талап етті. Анықтамасы жоқтарға сол жерде экперсс-тест жасалды. Соған қарамастан сот залына өте алмай қалғандар бар.
 
Нұрбол ТЕРГЕУІСОВ, АЙЫПТАЛУШЫ Ж.БАҚЫТЖАННЫҢ ТУЫСЫ:

Бізге паспорт заверить етіңдер деді нотариуспен. Еттік. Сосын коронавирусқа ал деді. Қан алады екен, одан кейін тілден алды. Куәлік деді. Алдырдық.   Екі адамға алып келдік, кірмейсіздер деді. Ешкім кірмейді деді.

БАҚ өкілдері де сот залына кіргізілмеді. Телеарна операторларына қысқа видео жинауға ғана рұқсат берілді. Тілшілер қалалық соттың залында онлайн тындады. Айыпталушы орындығында 51 адам отыр. Оған қоса олардың 60 адвокаты мен 50-ден астам қосымша қорғаушысы қатысуда. Олардың барлығын таныстыруға екі сағатқа жуық уақыт кетті.

Берік ЖҰМАНБАЙ, ТІЛШІ:
 
Тыңдалымға 7 жәбірленуші келіпті. Алайда олардың жалпы саны 366 екен. Қордайдағы қақтығысқа мыңға жуық адам қатыстып, оның бірқатарынан сұрақ-жауап алынған. 400-ден астам экспертиза жүргізілген.

Бұл келеңсіздік ақпанның 7-сі, Қордай ауданында түнде болған еді. Тәртіпсіздік салдарынан 10 адам қаза болды. Тағы бір адамның денесі қираған үйінділерді жинау кезінде табылған болатын.
Сол кезде 168 үй мен кәсіпкерлік нысан қирап, 100-ге жуық көлік өртелген.

Б. Жұмабай