Заңсыз міндеттемелер атаулы әлеуметтік көмек алатындарға да жетті. Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Арыс ауылының тұрғындары редакциямыздан көмек сұрады. Айтуларынша, бұған дейін мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлерге жүктелетін газетке жазылу міндеті енді көпбалалы отбасыларға да жүктеліпті. Ауыл әкімдігінің мамандары пошта қызметкерлеріне осындай тапсырма берген көрінеді. 100-ге тарта отбасы, өздері білмейтін газетке жазылыпты.
Әбдіхалел АБЖАППАРОВ, АРЫС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бір айда бір рет беріледі дейді. Соған «Әдебиет» деген газет үшін 2 мың алған. Поштадағы адамдардан сұрасақ әкімшілік міндеттеді деп айтты бізге.
Дәл қазір осы мәселеге байланысты ауыл басшылығымен хабарласып көрейік. Бізбен тікелей байланысқа Түркістан облысы Сайрам ауданы Арыс ауылы әкімінің орынбасары Ырыстай Артықов шығып отыр екен. Қайырлы кеш, Ырыстай мырза! Онсыздан жәрдемақыға әрең қолы жеткен жандарды неліктен газетке жазылуға міндеттеп отырсыздар? Бұл заңға қайшы әрекет емес пе?
Ырыстай АРТЫҚОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АРЫС АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Осы мәселені ести салып, почтаға барып тексеріс жүргіздік. Міндеттеу жайлы ешқандай ақпапарт анықталған жоқ. Бірақ, тағы да бұл істі тексеретін боламыз.
Енді жазылып қойған азаматтар не істеуі керек? Қаражатты қайтарасыздар ма?
Ырыстай АРТЫҚОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АРЫС АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Иә егер қаражаттан қысылған азаматтар болса, ақшаларын қайтарып береміз.
Сұхбатыңызға рақмет! Сөзіңізге сенейік. Арна тілшілері мәселе шешілгенше тұрғындармен байланыста болады. Қымбатты көрермен, сізді де толғандырған өзекті проблема болса экранда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласуыңызға болады. Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз.
Ғ.Өтемісов