Русский Сайттың толық нұсқасы

Короновирус жұқтырған аудандық аурухана қызметкері өтемақы ала алмай жүр

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2020
  • 2749

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық ауруханасында короновирустық инфекция жұқтырған 40-қа тарта қызметкер өтемақы ала алмай жүр. Еңбегі бағаланбаған ақ халаттылары аурухана алдына жиналып наразылықтарын білдірді. Уәде қаражат төленіп болмай жатып, басшылық дәрігерлерге қол хат жаздырып жатқан көрінеді. Онда, "Екінші толқын келген жағдайда жауапкершілік өз мойнымда", деп жазылған екен. Мәселенің мәнісін Мөлдір Тоқтасынқызы біліп қайтты.

Аурухана алдына жиналған қызметкерлер арасында дәрігер де медбике мен санитар да бар. Олардың бәрі, корновирус дертімен ауырып шыққан. Өтемақыға қатысты құжаттар қолдарында. Алайда, қаражат әлі төленбеген. Бір қызығы сол ақшаны, кейбір әріптестері алыпты. Бұл жерде "тамыр-таныстық" байқалады, дейді ақ халаттылар.

Айгүл БАЙҚОЖИНА, АУРУХАНА МЕДБИКЕСІ:

Таныспен-тамырмен кетті деп айтамын. Өйткені, отпускіде жатып үйінде, больничныйға шықпаған адамдар алып кетті. Екінші толқынға дайындалып жатыр дейді. Ақша төлемейтін болса, Құдай ауыртпай-ақ қойсын. Ауырып көрдім, басымнан өтті, ақша төлемейтін демалысқа шығып кетемін мен мысалға. Істемеймін өйтіп, не қыламын басымды бәйгеге тігіп.


Жалпы Жаңақорғанда, өтемақы елуге тарта дәрігерге төленіпті. Қалғандарының қолы жетпеген. Бұл жұмбақтың шешімін басшылар ашып айтпады. Есесіне аурухана әкімшілігі бәрінен қол хат жинай бастапты.

Меруерт ШАЙЫҚОВА, АУРУХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ:


Басында облздрав Пазыловқа деп жаздыртқан, Жеке-жеке парақ қылып. Бірақ кейіннен бір параққа өздері жазып алып келді. Екінші толқын болған жағдайда ауырған кезде өзім жауаптымын деп, бізге қол қойдырып алды.


Аурухана басшылығы болса бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ал, ковидке шалдыққан дәрігерлерге келгенде, "Сақтану керек еді", деп қысқа қайырды.

ЯХИЯ ШОРАБАЕВ, ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Бұйрыққа сай келетін осы топтарға жататын қызметкерлердің бәрі алды. Бәрі ауырғанымен, оған сәйкес келмегендіктен ала алмады. Медицина қызметкерлеріне екінші талап бар бізде. Біз сақтануымыз керек. Сақтанып, өзімізді-өзіміз. Сол кезде маска, антисептик дейді.


Ал, аймақтың атқамінерлері болса індеттің екінші толқынына сақадай саймыз деп есеп беруде. Сөйте тұра медицина саласында дау көп. Өтемақы ала алмаған ақ халаттылары болса прокуратурадан араша сұрап отыр.

М. Тоқтасынқызы