Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа жылда карантин күшейтіледі ме?

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2020
  • 2661

Қаңтардың аяғы мен ақпанның басында ел ішінде коронавирус ушығуы мүмкін. Бүгін елдің бас санитарлық дәрігері осындай болжам айтты. Қазір жағдай тұрақты, дегенмен босаңсуға болмайтынын ескертеді. Сонымен бірге, алдағы мейрам күндері карантин күшейтіліп, көлік қозғалысына шектеу қойыла ма? Ел арасында тараған "өңірлер карантинге жабылады" деген ақпарат қаншалықты рас? Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Мереке жақындағанда әдетте әуе және теміржол компанияларының саудасы қыза түседі. Тіпті, бұл уақытта билет бағасының да шарықтап кететіні бар. Карантинде де осы үрдіс сақталып отыр. Мегаполисттер арасында барып-келу билеті ұшақпен 40 мың теңгеге жеткен. Егер жаңа жыл қарсаңында локдаун енгізілетін болса, жолаушылардың ақшасы желге ұшуы да ғажап емес.  

Отандық әуе компанияларының біріне хабарласып көрдік. Ондағылар әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына билет алушылардың саны күрт артқанын айтты. Десе де, эпидемиологиялық жағдай нашарласа не болмақ?

Тілек ӘБДРАХИМОВ, КОРПОРАТИВТІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕР:

Оған біз кепіл бере алмаймыз. Өйткені бұл біздің қолымызда емес ғой. Сондықтан бірақ егер рейстер азаяды немесе шектелетін болса, біз өз міндеттерімізді орындаймыз. Қазақстан ішінде сұраныс өсіп келе жатыр мерекелік күндер қарсаңында.


Елдің бас санитарлық дәрігері болса, билет алып қойған азаматтардың алаңдауына негіз жоқ, дейді. Шектеу шаралары қатаңдатылғанымен, теміржол мен әуе қатынасы әдеттегіше жалғаспақ.  Тек" қызыл аймақтың" тұрғандары үшін бірқатар талаптар қарастырылыпты.

Ерлан ҚИЯСОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Қазіргі уақытта карантинді күшейту жоспарда жоқ. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі осыған қатысты бірнеше рет пікір білдірді. Алгоритмге сәйкес, сырқаттанушылар саны өссе яғни жұқпалы аурулар ауруханасы 70% -ға толса, онда республика бойынша шектеу шаралары күшейтіледі. Мереке кезіндегі шектеулердің бәрі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ.

Ерлан Қиясов өз сөзінде қытай індетіне қарсы отандық ғалымдар әзірлеген вакцинаның сапалы екеніне сенімді. Тіпті алғашқылардың бірі болып алуға дайынмын дейді. Шетелдік басылымдардың хабарлауынша, Америкада коронавирусқа қарсы "Pfizer" вакцинасын салдырған 6 адам қайтыс болған. Осы екпемен бірге мақұлданған ресейліктердің "Спутник 5" препараты, жақын күндері қазақстандықтарға ерікті түрде сыналмақ. Дегенмен, қайғылы жағдай болмайды дегенге ешкім кепіл бала алмайды.

Нұрлыбек АСЫЛБЕКОВ, ҚР ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сіз сияқты бәріміз ойланып отырмыз. Жаңа айттық ғой осы келетін вакцинаның болмаса шығарылатын вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігі бізге ең басты мәселе болып отыр. Ондай жағдай болмауға толық ешкім келіп бере алмайды. Бірақ соны болдырмау үшін біз әрине жұмыс істейміз.


Денсаулық сақтау министрлігі, халықты мереке күндері үйде отыруға шақырады. Сол күндері COVID-19-дың таралуына тосқауыл болу үшін құрылған мониторинг топтар, тексеруді қатаңдататынын ескертті.

А. Данияр