Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда бір миллиард теңгенің жасанды мұз айдыны қаңырап бос тұр

  • AstanaTV
  • 10 желтоқсан 2020
  • 2018

Оралда құрылысына 1 миллиард теңге жұмсалған жасанды мұз айдыны жыл бойы қаңырап бос тұр. Демалушылардың аздығынан, айдынды сенімгерлікке алған кәсіпкер шығынға батыпты. Енді ол, стадионды мемлекет меншігіне қайтарып бермек. Жалға алынған алаңнан кәсіпкер неге ат-тонын ала қашты? Еркін Қарин анықтап көрді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Құрылысына 1 миллиард теңге жұмсалған жасанды мұз айдынының қазіргі көрінісі осы. Бұл жер қазір коньки тебетін сырғанақтан гөрі, шана, шаңғы тебетін жерге көбірек ұқсайды. Қар астында қалған мұз айдынының қызығы қазір басқа спортшыларға бұйырған. Олар мына жермен күн сайын жүгіріп, алаңның шетінен жалғыз аяқ жол салып алған.


Мұз айдынына бүкіл елде жоқ тоңазытқыш қойылыпты. Біреу емес, үшеуі бар. Бұл құрылғының көмегімен алаңдағы мұз күн жылынғанда да ерімей тұрады екен. Алайда, ол тоңазытқыштардың қалай жұмыс істейтіні белгісіз. Кәсіпкер мен спорт басқармасы арасындағы келіспеушілік осыдан басталған.

Абзал ҚҰСПАН, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:


Енді мына үш аппаратты қосыңыздар десем, олар қоспайды. Жоқ қоспаймыз біз бәрібір, ол жерде анау керек, мынау керек. Бірақ былай қабылдап ал дейді. Сосын біз кәдімгідей сотқа дайындалғанбыз. Содан кейін мен мемлекеттік органдарға шықтым, қашан мен қосып, қабылдап алам бұл аппаратты?

Жеңіс НИГМЕТУЛЛИН, БҚО СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бұл құрылғылар күні бүгінге істен шықпаған. Барлығы істейді. Тек осы құрылғыларға ток жеткізетін кабельдің үшеуін бірдей қосқан кезде құрылғының жанып кету қаупі бар. Бірақ резервный қосалқы кабель істеп тұр. Яғни, мұздатқыш құрылғылар істен шыққан жоқ.


Шенеуніктер осылайша кәсіпкермен тартысып жүргенде тоңазытқышты орнатқан мердігер қамауға алынды. Оған, "Миллиардтаған қаржы жымқырды", деген айып тағылды. Бұл кәсіпкердің күдігін тудырды. Ол енді, мұз айдынын басқармаға қайтарып бермек.

Абзал ҚҰСПАН, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:


Әрі қарай жұмыс істей берсек, әрі қарай материалдық тұрғыдан қарызға кіре беретін түріміз бар. Сол себепті осы кезге дейін тоқтатамыз ба деген шешім қабылданды.

Мұз айдыны кәсіпкерді шығынға әбден батырған екен. Оның жөндеу жұмыстарына бизнесмен 17 млн теңге жұмсапты. Ақшаның қайтпасы анық. Кәсіпкер қаражаттың қайтарымын емес коньки алаңынан құтылудың амалын іздеп жүр.

Е. Карин