Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан халық партиясы зейнетке шығу жасын азайтуды көздейді

  • AstanaTV
  • 11 желтоқсан 2020
  • 8794

Ел аумағында Парламенті Мәжілісіне үміткер партиялардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасты. Бүгін "Қазақстан халық партиясы" өзінің сайлауалды штабын ашты. Олар ел азаматтарының зейнетке шығу жасын азайтуды көздеп отыр.

"Қазақстан Халық партиясының" бүгін ел астанасында сайлауалды штабы ашылды. Саяси науқанға дайындықтарын пысықтап, үгіт-насихат материалдарын таныстырды. Сайлауалды бағдарламаларының басым бағыттарына тоқталды.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, ҚХП ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТ ХАТШЫСЫ:

Қазақстанда әлеуметтік мемлекет құру және оны жүзеге асыру үшін қазіргі заманға сай экономиканың кезіндегі стратегиясын өзгерту. Және халықтың үніне құлақ асатын мемлекет ретінде алға қойған мақсаттарының барлығы халыққа қызмет ету, түпкілікті мақсатқа жету.

Ал, партия төрағасы Айқын Қоңыров болса, халықтың зейнетке шығу жасын азайтуды көздеп отырғандарын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргідей "құрмет демалысына" 63 жастан емес, ерлер де, әйелдер де 60 жастан шыққаны дұрыс.

Айқын ҚОҢЫРОВ, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ» ТӨРАҒАСЫ:
 
Зейнетке шығу жасын өзгерту мәселесі өзекті. Ердің де әйелдің де өмір жасы елдің экономикалық жағдайына байланысты. Қазір зейнетке жетпей өмірден өтіп жатқандар да қаншама. Ал пандемия кезінде тіпті орта буын өкілдері арасындағы өлім-жітім көбейгенін де ескеруіміз қажет. Сондықтан біз осы мәселеге үлкен басымдық беріп отырмыз.  

Сондай-ақ партия URAN республикалық қоғамдық бірлестігімен аймақтағы проблемаларды анықтап, оларды шешу мәселесін қолға алмақ. Қоғамдық бірлестік Батыс Қазақстан облысының бірнеше қаласында "қызыл автобус" акциясын өткізді. Мақсат: жергілікті халықпен тілдесіп, алыс-шалғайдағы ағайынды мазалаған мәселелерді анықтап алды.  

Файзолла ҚАМЕНОВ, «URANKZ» РҚБ ӨКІЛІ:

Біз «Қазақстан халық партиясының» идеологиялық тұғырнамасын кеңейтуді барынша қолдаймыз. Біздің ортақ мақсатымыз - шын мәнінде әлеуметтік мемлекет құру. Осы мақсатта біз күш біріктірп отырмыз.

Үгіт-насихат жұмыстарына аталған партия әлеуметтік желіні ерекше пайдаланбақшы. Олар #мемлекетміндетті деген хэштег бастады.

Айқын ҚОҢЫРОВ, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ» ТӨРАҒАСЫ:

 
Кез-келген азамат ақ парақты алып #мемлекетміндетті деген хэштег қойып өз ойын жазады, яғни "мемлекет не істеуі қажет" деген секілді. Артынша оны әлеуметтік желіге салады. Осылайша біз билікке халықты мазалаған мәселені жеткіземіз.

Мәжілістің соңғы екі шақырылымында төменгі палатадан орын алған Қазақстан халық партиясы 7-ші шақырылымнан да дәмелі.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, ҚХП ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТ ХАТШЫСЫ:

Біздің партия 2004 жылдан бастап барлық Парламенттік сайлауға қатысты. Ал енді осы 7-ші шақырылымға біз кең көлемді, ауқымды бағдарламамен жол тарттық. Бізді халық қолдайтынына сенімдіміз және алдағы уақытта бұдан да көп мандат жеңіп аламыз деп сенемін.

14 облыстағы және республикалық маңызы бар 3 қаладағы партияның штабы үгіт-насихат жұмыстарын білек сыбана бастап кетті.

Ә. Өмірзақ