Русский Сайттың толық нұсқасы

Ел ертеңі мен ұлт тағдыры жастардың қолында, - Н.Назарбаев

  • AstanaTV
  • 11 желтоқсан 2020
  • 4565

«Jas Otan» ұсынған жобалар 3 миллионнан астам жастың әлеуетін ашты. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтанда өткен жастар қанатының V съезінде белгілі болды. Жиынға қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өскелең ұрпақтың болашағы үшін "Жастар-Отанға!" бағдарламасының шымылдығын түрді. Тұңғыш Президент ел ертеңі мен ұлт тағдыры жастардың қолында екенін атап етіп, өз өсиетін жеткізді.

Онлайн өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен жастар қанатының мүшелерін 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. Жас қазақстандықтардың ел игілігі үшін жан аямай еңбек етіп жүргендерін тілге тиек етті. Ол, әсіресе пандемия кезінде жанқиярлық танытып, қайырымдылық шараларына бел шеше кіріскен 5000-нан аса еріктіге ризашылығын білдірді. Өскелең ұрпаққа айтар өсиетін де осы жерде жеткізді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:

Тәуелсіздік рухымен тәрбиеленген сендер мемлекеттілігіміздің үміті, сенімді терігісіңдер. Ел ертеңі мен ұлт тағдыры өздеріңмен тікелей байланысты. Қазіргі жастар жаңа дәуірдің рухы мен талаптарына сай дамып отыруы керек. Үш тілді меңгеруі қажет. Жоғары білімді болуы шарт. Осы айтылғандардың бәрін менің өсиетім деп санаңдар.

«Jas Otan» 20 жыл ішінде, жас, табысты, әрі саяси қайраткерлердің тұтас бір буынын  тәрбиеледі. Жастарды қолдау үшін «Кеңес орталығы», «Таза сессия», «Ардагерлерді ардақтайық», «Jaidarman» және «Jastar Alany» сынды бірқатар жобаларды іске асырды. Бүгінгі съезде де 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасын қабылдады. Елбасы жиында, сондай –ақ, егемендік жылдары елімізде құрылған нақты, әрі тиімді әлеуметтік баспалдағын атап өтті.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:
 
Менің бастамаммен, ел үшін ең күрделі кезеңде қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы арқылы 15 мыңға жуық жас, білім алды. Бес жыл бұрын Назарбаев Университеті студенттерінің алғашқы легі түлеп ұшты. Осы жылдардың ішінде оқу орнында бес мыңға жуық маман даярланды. Мемлекет іске қосқан әлеуметтік жобалардың арқасында мыңдаған жас қазақстандық табысқа жетті.


Онлайн жиынға елдің түкпір-түкпірінен 800-ден аса делегат қатысты. Соның ішінде, әсіресе астаналық жастардың белсенділігі жоғары болды. Мәселен, мінберден сөз сөйлеген паралимпиада ойындарының жеңімпазы Севда Әлиева, отты сөздерімен жастарды рухтандыруға тырысты. Ол небәрі 14 жасында мүгедектер арбасына таңылса да, мойымағанын жеткізді.

Севда ӘЛИЕВА, ПАРАЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗЫ:


Мен көпшілік ортада көрінуге ұялатынмын. Бірақ, рухым өшкен жоқ. Өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үлкен спорттағы жетістіктерін көргенде, жігерлене бастадым. Сөйтіп өзімнің комплекстерімді жеңдім.

Ал Тобыл өңірінен сөз алған Динара Шүкіжанова, жастарды талмай еңбек етуге шақырды. Ол небәрі 24 жасында көлік зауытына жұмысқа келген. Қазір сол компанияның вице-президенті. Оның айтуынша зауыттағы жұмысшылардың тең жартысы жас мамандар.    

Динара ШҮКІЖАНОВА, «АГРОМАШХОЛДИНГ KZ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз биыл 100 мыңнан астам автокөлік шығардық. Мыңға жуық трактор мен комбайн құрастырылды. Біздің автобустар күн сайын 2,5 миллион қазақстандықтарды тасып жүр. Қазір холдингте екі жарым мыңнан астам адам жұмыс істейді. Соның тең жартысы жас мамандар. Олар өз тағдырын отандық өндіріспен тікелей байланыстарды.

Ал Қызылордалық жас кәсіпкер Мағжан Ералиев, туған жеріндегі ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жүр.  Ол басқаратын кәсіпорын бүгінде 10-нан аса шет мемлекетке Сыр маржанын экспорттайды екен.

Мағжан ЕРАЛИЕВ, ЖАС КӘСІПКЕР:


Оңтүстік Кореяның компаниясымен бірлесіп, сағатына 7 тонна күріш өңдейтін Қазақстандағы ең алғашқы цифрлық күріш ақтау зауытын іске қостық. Корея мен Жапониядан әріптестеріміз келіп, заманауи цифрлық басқару тәжірибесімен алмасуда. Бұл өзіңіз баса назарда ұстаған қазақстандық білімнің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің көрінісі.

Айта кетейік, бүгінде «Jas Otan» Жастар қанатының қатарында 105 мыңнан астам мүше бар. Ұйым барлық 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы филиалдары белсенді жұмыс атқарып келеді.

А. Мүтәлі