Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте мұқтаждарға арналып 3,5 мың пәтер салынбақ,- «Nur Otan» партиясы

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2020
  • 2323

Шымкентте мұқтаждарға арналып 3,5 мың пәтер салынады. «Nur Otan» партиясының өкілдері бүгін үшінші мегаполистегі тұрғындармен кездесіп, 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламаны түсіндірді.  

Партияның Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек бастаған белсенді топ, сайлаушылармен бірнеше кездесу өткізді. Тұрғындарға жоспарланған жұмыстарды баяндады.
Алдағы 5 жылда Шымкентте 42 мектеп пен 22 медициналық мекеме бой көтермек. Қала шетіндегі халық таза ауыз сумен, табиғи газбен және жарықпен қамтамасыз етіледі. Әсіресе, әлеуметтік мұқтаж азаматтарға арналған 3 млн. шаршы метр тұрғын үй салуға баса мән беріледі, деді  Бауыржан Байбек.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САЙЛАУАЛДЫ ШТАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Партия Съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық сайлауалды бағдарламамен таныстырды. Барлық партия мүшелері сайлауда жеңсе, оларды біріктіріп, бақылауды күшейтеміз. Нұр Отан халықтың жағдайын көтеруді қолдайды. Олардың табысын көбейту басты мақсаттың бірі.

Сапар барысында сайлауалды штаб мүшелері қаладағы бірқатар кәсіпорындарды аралады. Еңбек қауіпсіздігі жағдайын жақсарту және жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту мәселелеріне де партиялықтар мән беріп отыр.

Ұлболсын АСАНОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ "JAS OTAN" ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Үлкен кісілерге барған кезде, ата-әжелер айтып отырады. Нұр Отанды қолдаймыз, партияға деген сеніміміз зор деп. Соның арқасында біздің де жігеріміз көтеріліп, құлшынысымыз артады.


Мұнан соң, Қаратау аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, тұрғындарды толғандырған мәселелерді тындады. Бауыржан Байбек мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру жолдарына тоқталды. Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін 100 пайыз цифрлық форматқа көшіруді жоспарлап отырғандарын жеткізді.  

Ғ. Өтемісов