Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада 150 отбасы қоныс тойын тойлады

  • AstanaTV
  • 21 желтоқсан 2020
  • 1679

Тәуелсіздік күнін елордалық 150 отбасы өз үйінде қарсы алды. Жақында қала әкімінің қатысуымен жаңа тұрғын үй тапсырылып, кезекте тұрған отбасыларға жаңа пәтер кілттері тапсырылды. Қара шаңырағына ие болғандар арасында мұғалімдер мен дәрігерлер бар.

150-ден аса отбасының қуанышында шек жоқ. Тәуелсіздіктің 29 жылдығында олар өз шаңырағына ие болды. Баспаналы болғандар арасында мұғалімдер, дәрігерлер және тағы басқа қызметкерлер бар. Жаңа үй қала әкімдігі мен "Бәйтерек" холдингі жанындағы Ипотекалық Компания арасындағы келісім арқасында бой көтерді. Болашақта осы жоба аясында тағы бір мың пәтер тапсыру жоспарда бар.

Толғанай ИСАТАЙҚЫЗЫ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өте қуаныштымыз. Жылы іші. Кең. Тіпті осындай бір шара болады дегенше сенбей енді сеніп жатырмыз үйге кіргенде ғана.

Мұның алдында ғана Тұңғыш Президент күні Елордада 100 отбасы пәтерлі болған еді. Енді міне тағы 150 отбасы баспана кілтін алды. Енді мұғалімдер мен дәрігерлер қатарына қала басшысының тапсырмасына сай полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен мәдениет және спорт саңлақтары қосылды.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:


Тек қана сіздердің категория бойынша біз 1000 пәтерді жоспарладық. Бұл арнайы биыл басталған бағдарлама. Осы Тәуелсіздік күніне орай, жақсы қуанышты жағдаймен бас қосып отырмыз.

Бұл пәтерлер 20 жылдық мерзімге жалға берілген. Тұрғындар, әр шаршы метріне айына 1,5 мың теңгеден төлейді. Ерекшелігі сол бұл пәтерлерді кез-келген уақытта мерзімінен бұрын сатып алуға болады.

Айдар ӘРІПХАНОВ, "БӘЙТЕРЕК" ҰБХ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Сіздер бәрін өз көздеріңізбен көріп білсеңіздер болады. Әр пәтерді аралап шығыңыздар. Бұл өте жылы және сапалы салынған үйі. Қоныс құтты болсын! Жаңа баспанада қуаныш көп болсын!

Жаңа үй, "Нұрлы Жол" вокзалы маңындағы жаңа ықшам ауданда орналасқан. Ауданда тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда емхана, мектеп сынды әлеуметтік нысандар мен сауда үйлері бар.

Д. Мұхаммедкәрім