Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордалық шаруалар мемлекеттік субсидиядан қағылды

  • AstanaTV
  • 21 желтоқсан 2020
  • 2322

Қызылордада шаруалар  мемлекеттік субсидиядан қағылып отыр. Шығыннан онсызда көз ашпай отырған қожалықтар жауап іздеп облыс әкімдігіне барды. Сөздеріне қарағанда, мал азығына бөлінетін көмек ақы әділетсіз бөлініп жатқан көрінеді. 730 млн теңгелік қаражаттың дені Шиелі ауданына тигені, шаруалардың күдігін тудырып отыр. Мөлдір Тоқтасынқызы тарқатсын.

Сыр өңірінде субсидия жырына - бірнеше жыл болды. Шаруалардың айтуынша, малдың жем-шөбіне соңғы 5 жылда көп тиын берілмепті. Негізі, аймақтағы қожалықтарға биыл 730 млн теңге бөлінген екен. Алайда ол электронды форматта үлестірілген. Шаруалар осыған наразы. Сөздеріне қарағанда, желтоқсанның 14 күні ашылған жүйе бір минутқа жетпей жабылып қалыпты. Дені құжаттарын да тіркеп үлгермепті.

Ербол НҰРМАНБЕТОВ, ШАРУАҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ:
 
Әр кетсе 10 сек жеткен жоқ база ашылды да салып үлгермедік, жабылып қалды. Белгілі бір топ отырған сияқты, беретін адамдарына беріп. Жас балалар келіп айтып жатыр, қалған адамдарына вирус жібереді екен. Бот дей ма, хакерлер сияқты ұйымдасқан нелер отыр.


Қолына субсидия тиген шаруалар бар. Бірақ олардың басым көпшілігі Шиелі ауданынан. Электронды бұл бөліс - басқа аудан қожалықтарының күдігін тудырды.

Рүстембек СӘРСЕНБАЕВ, ШАРУАҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ:

Дым әділдік жоқ деп есептеймін. Әділеттік нөл. Өйткені бір аудан 80 процент алды деп жатыр.  Қазір келіп бөлді де, бізге үміт беріп қойды. Біз уже ол ақшаны жұмсауды жоспарлап қойғанда, артынан өтірік алдап, лақтырып кетті.


Шаруалар субсидия мәселесін білу мақсатында облыс әкімдігіне келді. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықовадан жауап талап етілді. Ақыры, әкім қожалықтармен кездесті.

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:


Ауыл шаруашылығы министрлігімен сөйлесейін. Нормативті өзгертуге болатын болса, әлі де кеш болмаса қазір көрейік. Бірақ құрметті кәсіпкерлер бекітілген бюджет бар заңды түрде биылға 730 млн-нан артық қазір ақша жоқ.


Ал "әділетсіз бөлінді", деген субсидия мәселесімен арнайы комиссия айналысатын болды. Облыс әкімі, "Қызметтік тексеру жүреді", деген уәде берді. Шаруалар болса, құзырлы органдарға арызданамыз деп отыр.

М. Тоқтасынқызы