Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлемде коронавирустың қауіпті түрі тарай бастады

  • AstanaTV
  • 22 желтоқсан 2020
  • 2007

Коронавирустың қаупі үдей түсті. Британияда анықталған «тәж» вирусының жаңа түріне байланысты тағы екі мемлекет шекараларын жапты. Бұл туралы бүгін Оман сұлтандығы мен Кувейт билігі хабарлап отыр. Төтенше жағдай алдағы бір апта бойы күшінде болады. Қазірдің өзінде шектеу шаралары 40 мемлекетте енгізіліп отыр. Әлемдегі және Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы Асылбек Даниярдың материалында.

Қатаңдатылған карантинді қабылдауға вирустың жаңа мутацияланған түрі түрткі болды. Өйткені дерт жұқпалы, әрі алдыңғысынан да қауіпті. Тіпті, індет жаңа инфекциялардың өсуін үдетуі мүмкін дейді, дәрігерлер. Жаңа штам Данияда, Нидерландыда және Австралияда да табылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы болса, жағдай бақылауда, дүрбелеңге негіз жоқ екенін айтып отыр.

Тедрос ГЕБРЕЙЕСУС, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Вирус уақыт өте келе мутацияға ұшырайды, бұл табиғи және қалыпты жағдай. Британия ғалымдары бұл жаңа індеттің тез жұғатынын  айтты, бірақ әзірге оның ауыр немесе өлімге әкелуі мүмкін екендігі туралы ешқандай дәлел жоқ. Сондықтан, барынша оның таралуына жол бермеуіміз керек.


Ал, АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден "Пфайзер-БайонТек" компаниясының вакцинасын тікелей эфирде халық алдында қабылдады. Ол халыққа екпе салдырудың қаупі жоқ, деді. Әлем бойынша қытайлық індетті жұқтырудан көш бастап тұрған Америкада әлі де жағдай тұрақты емес. Елдің 17 штатында ауырғандардың саны күн санап артып келеді.

Джо БАЙДЕН, АҚШ-ТЫҢ ЖАҢА САЙЛАНҒАН ПРЕЗИДЕНТІ:


Вакцина барынша қолжетімді болған кезде америкалықтар оны қабылдауға дайын болулары керек. Уайымдаудың еш қажеті жоқ. Ең маңыздысы, бұл вакцина жай бастамасы ғана. Алдағы уақытта "Модерна" екпесі де қолжетімді болады.

Коронавирус Антарктидаға жетті. Ол Чилидегі ғылыми-зерттеу станциясында 36 адамнан табылды. Олардың барлығы оқшауланған бірақ жұмыстарын жалғастыруда.

Қазақстанда COVID-19 бойынша ахуалдың тұрақсыздығы байқалып отыр. Өткен тәулікте тағы 739 жаңа жағдай анықталды. Ведмоства аралық комиссияның мәліметінше індет балалар арасында да көбейген. Желтоқсан айы басталғалы 5 жасқа дейінгі 365 баладан COVID-19 табылыпты. 6-18 жасқа дейінгі балалар арасында 780 факт тіркелген. Ең көп дерек, Қостанай облысында екен.

ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:


Бүгінгі күні  COVID-19-ға шалдыққан 13 мыңнан астам адам ем қабылдауда. Жалпы науқастардың ішінде 250 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 42 пациенттің  өмірі қыл үстінде. 44 адам өкпені  жасанды желдету құрылғысына қосылған.


Коронавирустың қауіптілігі бойынша елорда қайтадан «сары» аймаққа оралды. Сондай-ақ осы картада тағы 5 аймақ бар. Атырау облысы болса, әлі де «қызық» аймақта.

А. Данияр