Русский Сайттың толық нұсқасы

ҚХП өкілдері үгіт-насихат жұмыстарымен Павлодар облысына келді

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2020
  • 1598

Қазақстан халық партиясының өкілдері үгіт-насихат жұмыстарымен Павлодар облысына келді. Ақсу қаласының тұрғындарына сайлауалды бағдарламасын таныстырды.  

Қазақстан Халық партиясының өкілдері, алдымен Павлодардың іргесіндегі Ақсу қаласына ат басын тіреді. Олар мұнда кәсіпорын жұмысшылары және әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. Саяси ұйымның жоспарларын таныстырған партия мүшелері Гауһар Нұғманова мен Нұрболат Теміров, халықты әлеуметтік қолдау мәселесі төңірегінде пікір алмасты. Олар ел азаматтарын "құрмет демалысына" 63 жастан емес, ерлерді де, әйелдерді де 60 жастан шығаруды ұсынып отыр. Сондай-ақ еңбекақы, тегін білім, қолжетімді медицина сынды өзекті тақырыптарды да айналып өтпеді. Партиялықтар аталған мәселелер жақсы таныс екенін жеткізді. Тіпті сайлауалды бағдарламада қамтылғанын айтып, оларды шешу жолдарымен бөлісті. Сондай-ақ Қазақстан Халық партиясы сайлаушылар көп шоғырланған қалаларды ғана емес, шалғай елді мекендерді де аралайтынын айтады.  

Нұрболат ТЕМІРОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жалпы барлық сала өкілдерімен кездесу біздің негізгі міндетіміз болып табылады. Жұмысшы қызметкерлермен кездестік. Көтерілген мәселелердің бірі зейнетақы жасы, кредит яғни банктердің пайызын төмендету. Сондай-ақ жастардың баспана мәселесі.

Айта кетейік, Мәжілістің соңғы екі шақырылымында төменгі палатадан орын алған Қазақстан халық партиясы 7-ші шақырылымнан да дәмелі. Кандидат ретінде 113 адамды ұсынып отыр. Бүгінгі күні партияның 14 облыстағы және республикалық маңызы бар 3 қаладағы штабы үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жатыр.

Ә. Өмірзақ