Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл тұрғындары 2 жылдан бері өтемақы ала алмай жүр

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2020
  • 2397

Екі жылға созылған іс. Тобыл қаласының тұрғындары өртенген үйдің өтемақысын ала алмай жүр. Екі жыл бұрын газ құбырындағы ақаудан өрт шығып, үш пәтерді шарпып өткен еді. Содан бері жергілікті биліктен қайыр болмапты. Зардап шеккен жандар өз күшімен үйлерін жөнге келтірген. Ал өрттен келген шығын әлі өтелген жоқ.
 
2 жыл бұрын құбырдан шыққан қызыл жалын қос қабатты үйдің қабырғасын қиратып, шатырын көкке ұшырды. Тілсіз жаудың зардабын тартқан тұрғындар, баспананы өз күшімен жөндеген. Виктория Верестюк бұған 5 миллион теңгеге жуық ақша жұмсалғанын айтады. Қомақты қаражатты көгілдір отын тарататын мекемеден өндіріп алғысы келеді.

Виктория ВЕРЕСТЮК:
 
Біреуді жазалайық, түрмеге отырғызайық деген бөтен ойымыз жоқ. Біздің жалғыз тілегіміз - шығынды өтеп берсе болғаны. Жаңа үй сұрап жатқан жоқпыз. Жөндеуге жұмсаған ақшамызды қайтарып берсе жеткілікті. Өйткені несие алдық.


Аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 204 бабы 1 бөлігі, яғни «бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» бойынша іс қозғаған. Бірқатар сараптама тағайындалды. Нәтижесі де белгілі. Бірақ өртке кімнің кінәлі екені әлі белгісіз. 2 жылда ешкім жауапқа тартылмаған.

Мұхтар ЖАЙЛАУБЕКОВ, ҚОСТАНАЙ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
2019 жылдың қыркүйек айының 12-ші  жұлдызында қылмыстық іс қысқартылды. Себебі қылмыстық құрамы жоқ болған. Бірақ жәбірленушіге азаматтық іс ретінде келтірілген залал туралы газ аймақтан өндіру туралы хабарлама берілді.


Арнайы сараптама үй ішіндегі  электр сымдарында зақым және газ құбырында ақау болғанын анықтады. Қылмыстық іс қысқартылғанымен, азаматтық іс ретінде шығынды  өндіріп алуға негіз бар дейді полиция бөлімінің басшысы. Алайда жәбірленуші тараптың талап-арызы тағы кері қайтарылған.

Виктория ВЕРЕСТЮК:

Соңғы рет қыркүйек айында қылмыстық іс прокуратураға жіберілді. Сөйтіп басқа шешім шықты. Біз сол шешімнің негізінде бір жарым айдан кейін азаматтық іс бойынша сотқа талап-арыз түсірдік. Бірақ істі кері қайтарып, қосымша  тергеуге берді. Тергеушіні тағы ауыстырды.


Сот өкілдері азаматтық істің неге кері қайтарылғанын нақты түсіндіре алмады. Жәбірленушінің адвокаты арызды дұрыс толтырмаған деп қысқа қайырды.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Өрттен зардап шеккен тұрғындар аудандық прокуратураның да табалдырығын талай тоздырған. Соңғы рет оларды прокурордың орынбасары жеке қабылдап азаматтық істің заңдылығын тексерем деп уәде берген көрінеді. Көпшілік құзырлы орган кіріссе өрттен келген залал өтеліп қалар деп  үміттенеді.

З. Санай