Қаңтар қатты аязбен басталды. Бір ғана Ертіс өңірінде 18 адамды үсік шалған. Аяқ-қолы үсіп қалғандар арасында нәрестелер де бар. Екібастұздағы Солнечный кентінде 1 жастағы қыз бала саусағы үсіп ауруханаға түскен.
Эльмира ТЕМІРҒАЛИЕВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
2019 жылғы қыз бала жайын нақтырақ айтып кететін болсақ, ол кешкі уақытта сағат 22.00-де анасымен далаға шығып серуендеген. Қыз баланың жағдайы жақсы. Қазір барлық ем шараларын алып жатыр.
Облыс орталығы - Павлодарда да үсік шалғандар аз емес. Жаңа жыл кіргелі бері 11 адам ауруханаға түсіпті. Дені аяқ-қолы үсігендер. Күн райы қолайсыздығына байланысты аймақта күре жолдар жабылды. Алайда ескертулерге қарамастан жолға шығып, көлігі сынып жатқандар аз емес.
Осы күнде Павлодар өңірінде ауаның температурасы 40 градустан төмен. Дизель отынымен жүретін көліктерге және қоғамдық көліктерге алыс жолға шығуға тиым салынды. Полиция департаменті келтірген деректерге қарағанда, жанар майы қатып қалатын жүк көліктері көбейген. Шығыс Қазақстан облысында, жолда қалып қойған 15 адам құтқарылыпты.
Ө. Қуанар