"Мыс компаниясына тиесілі шахтада қаза болған 4 жұмысшы газға уланып қалған". Ақтөбе облысындағы еңбек инспекциясының мамандары бүгін осындай тоқтамға келді. Еске сала кетейін. Қайғылы оқиға Ақтөбеде желтоқсанның 30 күні болған. Шахтадағы жарылыс жұмыстары кезінде 4 адам қаза тауып, тағы бір адам дене жарақатын алды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия құрылған. Шахта жұмысы осы күнде уақытша тоқтап тұр. Комиссияның алдын ала болжамына қарағанда, жұмысшылар күкіртсутегі газына улануы мүмкін.
Артур ӘУЕЗОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКТОРЫ:
Алдын ала болжам бойынша улану фактісі орын алғаны анықталып отыр. Ақтөбе мыс компаниясымен қаза тапқан отбасыларға қазіргі уақытта 20 млн теңге қаражат көлемінде бір жолғы көмек ұйымдастырылып отыр және үй мәселесі отбасылардың өздерінің анықтауы бойынша қай жақтан алатыны өздері шешім табады Ақтөбе немесе Хромтау.
Материалдық көмектен бөлек мыс компаниясы қаза болған жұмысшылардың жерлеу рәсіміне 2 млн теңгеден бөліп отыр. Сондай ақ кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар отбасыларға 18-ге толғанша марқұмдардың еңбекақысы ай сайын төленіп тұрады деген уәде берілді. Кәсіпорын сонымен бірге балалардың жоғарғы оқу орнында тегін білім алуына қол ұшын созбақ. Ал, жарақат алған азаматқа 5 млн теңге көлемінде көмекақы беріледі.
Б. Рақметова