Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ауыл» партиясы жұмысшылар үшін арнайы әлеуметтік пакет әзірлемек

  • AstanaTV
  • 05 қаңтар 2021
  • 2592

«Ауыл» партиясы кәсіподақ федерациясымен бірлесіп, жұмысшылар үшін арнайы әлеуметтік пакет әзірлемек. Бұл туралы партияның үгіт-насихат тобы Павлодар облысын аралау кезінде айтты.

«Ауылдықтар» бүгін үгіт-насихат жұмыстарын Павлодар облысында жалғастырды. Бұл жолы олар жүк тасымалдайтын вагондар құрастыратын ірі зауытқа барып, жұмысшыларға өз сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын бүгінде елдегі көмір экспортының дамуына өз үлесін қосып келеді. Партия өкілдері кешен жұмысы одан әрмен дамыса дейді. Себебі, ол ел аумағындағы логистикалық жүйенің толықтай дамуына мүмкіндік береді екен. Кездесу барысында партиялықтар жұмысшыларға арналған әлеуметтік пакеттің әзірленіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, олар өндіріс ошақтарындағы коммуналдық қызметтерді мемлекет тарапынан субсидиялау жүйесін енгізуді ұсынып отыр. "Ауылдықтар" қолға алған мәселе бұл ғана емес.

Ермат БАЙҒҰРМАНОВ, "АУЫЛ" ХДП ПАРТИЯСЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл жердің проблемалары, әрине біздің "Ауыл" партиясының көтеріп жатқан мәселелері. Ұлттың салт-дәстүрі, ұлттың тілі. Оның үстіне біз партия болып, ең бірінші көтеріп жатқан сұрағымыз - жер шетелдіктерге сатылмау керек екенін, ауылды өркендету керек деген біздің бағдарламамыз бар.

«Ауылдықтар» өзге де әлеуметтік қолдауларды іске асырмақ. Соның ішінде енді туған сәбилерге берілетін «Бала нәсібі» төлемін енгізуді көздеп отыр. Ол арқылы әрбір нәрестеге төленетін жәрдемақы соммасын ең кемі 32 мың теңгеге дейін өсірмек. Партиялықтар мұндай төлемақыны тіпті бала 18 жасқа келгенге дейін төлеуді мақсат етеді. Олардың пікірінше, қомақты сомма ел қазынасына салмақ салмайды. Сондай-ақ, үміткерлер ауылдағы ағайынның тұрмыстық жағдайын көтеру жағын да ойластырған. Ол үшін арнайы заң жобасын енгізуді қолға алмақ.

Әзімхан САТЫБАЛДИН, «АУЫЛ» ХДП ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ауылдың инфраструктурасын жасау қажет. Оған жол да кіреді. Біз мынау «Ауыл және аймақтарды дамыту» жөніндегі заңды жасасақ деп отырмыз. Оның ішінде жол да кіреді. Оның ішінде больницада кіреді. Оның ішіне мектеп те кіреді. Сондықтан да ауылдағы жастарды жұмыс істетеміз десек жолды да соғу керек. Сондықтан да осы кісілермен жолығып жатырмыз.  

Мақсат АСҚАРОВ, «АУЫЛ» ХДП ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ауылдың көркеюін қалайтын болсақ, ең алдымен, көзі ашық, көкірегі ояу сауатты жастарымызды туып өскен өлкелеріне қайтару жұмыстарын қолға алу қажет. Егер әрбір ауылдан шыққан адам, өз туған жерін ойлайтын болса, онда ол оның дамуына жағдай жасайды. Мектептер, ауруханалар салып, мәдени орталықтардың бой көтеруіне бір кісідей атсалысатын болады.


«Ауыл» партиясының өкілдері Алматы облысының тұрғындарымен де жүздесті.  Үгіт-насихат тобы әуелі өңірдегі ең ірі жылыжай кешенін аралап, мұндағы шаруашылықтың жай-күйімен танысты. «Ауылдықтардың» пікірінше, бүгінде бұл саланы дамыту жағы ақсап тұр. Маусымдық шаруашылыққа мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да аз екен. Кандидаттар әсіресе, жыл сайын бөлінетін субсидия мөлшерінің аздығы мен оның қолжетімсіздігіне алаңдайды. Сондықтан партияның сайлауалды бағдарламасында жылыжай кешендерін дамыту жұмыстарына арнайы тоқталыпты. Оның аясында «ауылдықтар» жыл сайын кем дегенде 20-30 ірі жылыжай салуды көздеп отыр. Бұл арқылы алдағы 5 жылда ел аумағынан импортты толығымен ығыстырамыз, дейді.

А. Мүтәлі