Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 3 көпқабатты үйдің жылусыз отырғанына бір апта болды

  • AstanaTV
  • 08 қаңтар 2021
  • 2116

Ақтөбеде 3 көп қабатты тұрғын үйдің жылусыз отырғанына бір апта болды. Өйткені, қаңтар айының басында екі бірдей бу қазандығы істен шығыпты. Бір қызығы, бұл бу қазандығына өткен күзде ғана 15 млн теңгенің жөндеу жұмыстары жүрген екен. "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған жаңа үйдің, ескі жырын Бақыт Рахметова біліп қайтты.

Шынар Қожабергенованың бұл үйде тұрып жатқанына 4 жыл болды. Үйде мұның алдында да бірнеше мәселелер болыпты. Шатырдан су кеткен, бу қазандығы істен шыққан. Қаңтар кіргенде жылу тағы ажырап қалды.

Шынар ҚОЖАБЕРГЕНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қанша жылдан бері тұрамыз. Жылумен жыл сайын осындай проблема. Қыздарым ауырып жүр. Үйде осылай қалың киініп жүреміз. Едендегі суық шекеңнен өтеді, жүру мүмкін емес. Тоқ пештің арқасында жаңсақтап отырмыз.


Бұл үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған. Жылудан соның үшеуі де ажырап қалып отыр.

Сайлау РАХМЕТОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Қыс айы басталғаннан бастап үй салқын. Су жоқ. УК-9 азаматтары халық тұр ғой міне бір көмегі жоқ. Үйде киіммен жатамыз. Газ қосамыз. Оның барлығы айналып келгенде ақша.

Айсағали ЖҰМЫРОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Котельный дұрыс салмай кеткен. Астын қақпаған. Бетіне фундамент құя салған. Салмаққа байланысты ұстамай тұр. Түсіп жатыр астыға қарай шөгіп. Былтыр айтқанбыз бізді Трансэнергоға ауыстырыңдар деп. Документ жоқ деді тартқылап осындай жағдайға түсіп отырмыз.

Істен шығып қала беретін бу қазандықтары өткен күзде ғана жөндеуден өткен. Демеушілер көмегімен 15 млн теңгенің жөндеу жұмыстары жүріпті. Алайда ол жарты жыл болмай тағы істен шықты.
 
Ақнұр ҚАЗБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Алдағы жетіде осы Ақтөбе қаласы тұрғын үй шаруашылығы бөлімі әділет басқармасына барып құжаттар рәсімдейді. Өз балансына алады. Содан кейін осы қазандықтарды Ақтөбе су энерджи компаниясының баласына беру көзделіп отыр. Тұрғын үй шаруашылық бөлімі өз балансына алғаннан кейін жаңадан қазандықтар сатып алынатын болады.

Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, жылу мәселесі алдағы екі аптаның ішінде шешілуі тиіс. Ал, тұрғындардың күтуден басқа амалы жоқ.

Б. Рахметова